
Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің тапсырысымен Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі түсірген «Домбыра» қысқаметражды фильмі Испанияның Short Of The Year атты қысқаметражды фильмдер фестивалінің қысқы маусымында қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болды.
Режиссер Рамазан Халиолланың туындысы домбырашы бала туралы. Алайда ол көптен армандаған байқаудың алдында музыкалық аспабынан айырылып қалады.
Short Of The Year фестивалі жылдың 4 мезгілінде ұйымдастырылады. Əр маусымда көркем, анимация, деректі, музыкалық жəне эксперименталды жанрдағы 30 минуттан аспайтын 50 қатысушы бақ сынайды.
«Үздік көркем/ деректі/ анимациялық/ эксперименталды/ музыкалық қысқаметражды фильм» сынды ресми номинациялардан бөлек, қатысушылар арасында қазылар алқасының арнайы сыйлық иегері де анықталады.
Сонымен қоса қазылар алқасы таңдаған туындылар марапат ретінде кез келген əлемдік кинофестивальге тегін қатысуға мүмкіндік алады.
Өткен жылы «Домбыра» фильмі IV халықаралық Baiqonyr ISFF кинофестивалінде конкурстан тыс бағдарламада көрсетіліп,
«Бродвей таңдауы» сыйлығына ие болған. Сонымен қатар бұл туынды Үндістан астанасы Нью-Делиде халықаралық қысқаметражды фильмдердің VIII фестивалінде «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жеткен. Ал оның алдында кинокартина Sensus жəне 19-шы Kids First халықаралық кинофестиваліне қатысқан.
«Домбыра»
Ұзақтығы: 30 минут
Сценарий авторы: Рамазан Халиолла, Жанат Жайлыбай
Режиссер: Рамазан Халиолла
Қоюшы-оператор: Болатбек Маликов
Көркемдік-қоюшысы: Салауат Қабдолданов
Композитор: Əсет Даненов
Режиссер туралы анықтама:
Рамазан Халиолла 1994 жылы 15 мамырда Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген.
2017 жылы елордадағы Қазақ ұлттық өнер университетін «Кино, телевизия режиссері жəне продюсері» мамандығы бойынша тəмамдаған.