Ақтоты Райымқұлова: Еліміздегі індетке қарсы күрестен біз де шет қалмадық

Ақтоты Райымқұлова: Еліміздегі індетке қарсы күрестен біз де шет қалмадық

Бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова пандемия кезінде министрлік тарапынан атқарылып жатқан қайырымдылық шаралары туралы да айтты.

"Қазір тұтас жер-жаһанды теңселткен коронавируске қарсы науқанға әркім қолынан келгенше үлес қосып жатыр. Біздің министрлікке бағынысты білім беру мекемелерінің жатақханалары індетпен күреске бел шешіп кіріскен дәрігерлерге, құқық қорғау органы қызметкерлері мен әскерилерге берілгенін сол ұлт болып ұйысқан, жұрт болып жұмылған тірлікке қосылған тамшыдай үлес деп айтар едім,"-деді министр.

Еліміздегі індетке қарсы күрестен біз де шет қалмадық. Министрлікке қарасты республикалық мәдениет ұйымдары 21-наурыздан ауруханаларға, қаланың әлеуметтік мекемелеріне және өз қызметкерлері үшін медициналық бетперделерді тігу бойынша акция бастаған.

"Бүгінгі күні мәдениет ұйымдары өз күшімен барлық санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтай отырып, 15 мыңнан астам көп рет қолданылатын бетпердені тиісті ұйымдарға тапсырды. Сонымен қатар, өңірлік мәдениет ұйымдары да осы акцияға қосылып, 20 мыңнан астам бетперде тіккен,"-деді А.Райымқұлова.