5 913 турист дер кезінде елге қайтарылды

5 913 турист дер кезінде елге қайтарылды

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте шетелге демалысқа барған қазақстандықтардың барлығы елге қайтарылғаны туралы айтты.

"Бүгінгідей  штаттан тыс жағдайда шет мемлекеттерде жүрген демалушыларға қолдау көрсету мақсатында 2016 жылы Үкіметтің қаулысымен «Туристік Қамқор» қоры құрылған болатын және туристік қызметтерді ұсыну шарттары әрқашан уәкілетті органның бақылауында. Міне осындай кешенді іс-шараның арқасында біз елде төтенше жағдай жарияланған тұста шет елге шыққан 5 913 туристі дер кезінде ұйымдастырған түрде елге қайтардық.

Оның 1 823-і жоспарлы түрде қайтарылса, 3 748 туристі арнайы ұйымдастырылған 19 чартерлік рейспен әкелдік. Тағы 342 адамды шетелдік әуе тасымалдаушыларымен келісіп, арнайы бағыттар арқылы жеткіздік.

Бұл ретте мемлекеттің өз азаматтарына деген ерекше қамқорлығын айта кету керек. Елге жеткізілген әр турист Қазақстанның санитарлық қызметі бекіткен ережелерге сәйкес тексеруден өтті,"-деді А.Райымқұлова.

Айта кетейік,  «Туристік Қамқор» қорының мәліметіне сәйкес, жыл басында, 28-қаңтар күнгі деректер бойынша коронавирус ошағы саналған Қытай Халық Республикасының Хайнань аумағында 1 163 турист болған екен. Оның 958-і – Қазақстан азаматы, қалған 205 адам – еліміз арқылы саяхаттауды жөн санаған басқа мемлекет азаматтары. Міне, осы 1 163 туристің барлығы індет тараған аймақтан түгелдей елге жеткізілді.

Министр еліміздің туристік салаға жасап жатқан және жасайтын қолдауы туралы да айтып өтті.

"Мемлекет басшысы еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты жасаған арнайы мәлімдемесінде бизнес қауымдастыққа экономикалық соққы болатынын атап өтті. Бұл ретте туристік саланың да әжептәуір шығын көретіні белгілі.

Десе де біздің еліміз осы бір қысылтаяң шақтан кейін туристік саланың еңсе тіктеп кетуіне ықпал ету үшін шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бұрын-соңды болмаған шараларын қолға алып отыр.

Нақтырақ айтсам, шағын және орта бизнес өкілдері биылғы бірінші қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылмақ.

«Бизнестің Жол Картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында экономиканың барлық саласы үшін берілмек.

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің дәл осы бизнес өкілдеріне жасап жатқан қамқорлығын, яғни салықтан босату шарасын қонақ үй бизнесі мен туризм саласындағы кәсіпкерлерге дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалу үшін берілген мүмкіндік деп қарастырған жөн,"-деді министр.

Сол сияқты министр елдегі туристік саланың дамуына дәл осы туристік операторлардың қосып отырған үлесі қомақты екендігін атап өтті.

"Өз ақшасымен қоса әр туристен алған қаражаттың қомақты сомасын қонақ үйлер мен әуе тасымалдаушыларына аударып қояды. Ал әлемде мынандай ахуал орнап, тұтастай сала тоқырап қалғанда,  сол салған ақшаны кері қайтару механизмі өзге салаларға қарағанда ерекше.

Олар бүгінде осы қаражатты қайтару үшін өз серіктестерімен келіссөздер жүргізуде. Ал заң тұрғысынан рәсімдерді шешуге тиісті уақыт қажет. Осыған байланысты, азаматтардан жағдайға түсінушілікпен қарауды және күте тұруды сұраймыз,"-деп түсіндірді Ақтоты Райымқұлова.

«Туристік қызмет туралы» Заңның 17-бабына сәйкес туристердің қаражатын туроператорлар iс жүзiнде шығарған шығындарын шегере отырып қайтарады және туроператорлар да өз тарапынан туындаған жағдайдан шығудың түрлі жолдарын ұсынады. Олардың арасында демалыс күндерін ауыстыру мүмкіндігі бар. Яғни, сапарды басқа мерзімге кейінге қалдыруға болады.

"Біздің Министрлік тарапынан мәселені оңтайлы шешу мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, отандық және шетелдік әуе-тасымалдаушылардың қатысуымен кеңес өтті. Онда билеттерді айыппұлсыз қайтару жөнінде шешім қабылданды,"-деп сендірді министр.