
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов Алматы қаласына жұмыс сапары аясында шығармашылық оқу орындарын аралады.
«Алдымен Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжіне бардым. Оқу кабинеттерін аралап, студенттермен сөйлесіп, оқытушылар құрамымен кездестім.
Аудиториялардан бөлек, оқу орнының кітапханасын, архиві мен музейін араладым. Музейде колледждің 60 жылдық тарихынан сыр шертетін құнды экспонаттар бар екен.
Колледждің би залына барып, хореографиялық бағытта білім алып жатқан студенттердің жаттығуын көрдім. Сол сияқты театр бөлімінің студенттерімен кездестім. Балалар, нағыз әртістер секілді, өздері грим жасап, шағын қойылым ұсынды. Ал колледждің джаз оркестрінің жас музыканттары саксофонда ойнау шеберліктерін көрсетті.
Әрине, білікті оқытушылар болмаса дарынды балаларды дайындау мүмкін емес. Биыл республикалық эстрада-цирк колледжіне үздік педагогтарға қосымша төлемдерге 68 млн теңге бөлінетін болды.
Одан кейін Күләш Байсейітова атындағы республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатына бардым. Мектеп-интернат елімізге көптеген көрнекті мәдениет қайраткерлерін тәрбиелеп, өсірген қара шаңырақ. Мұнда да алдымен мектеп оқушыларымен кездестім және кішкентай музыканттардан оқуға не жетіспейтінін сұрадым. Балалар өз ойларын бүкпей, ашық айтты. Атап айтқанда, оқу құралдары, компьютерлер және кеңірек сыныптар керек екенін жеткізді.
Мектеп-интернат оқушыларының жатақханадағы тұрмысымен де таныстым. Балалар тамақтанатын асхананы, жуынатын бөлмелерді, медициналық пунктті көрдім, спортзал мен қауіпсіздік жүйесі жұмысымен таныстым.
Одан кейін оқытушылар құрамымен кездесу өткізіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, тілектерін тыңдадым. Мұғалімдер жас музыканттар үшін жаңа концерт залы мен гастрольдік сапарлардың қажеттілігі туралы, сондай — ақ мектепте оқығысы келетіндердің барлығын қабылдай алмайтындары туралы айтты.
Бұл, әрине, маңызды сұрақ, біз оларды алдағы уақытта біртіндеп шешеміз.
Біз биылғы жылы Күләш Байсейітова атындағы мектепке 258 млн теңге бөлеміз, оның 226 млн теңгесі 10 жыл бойы жаңартылмаған жаңа музыкалық аспаптарды сатып алуға, 9 млн теңге интернатта тұратын балаларға арналған азық — түлікке, ал 23 млн теңге Президенттің тапсырмасына сәйкес 1-4 сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жұмсалады.
Бұдан соң тағы бір таланттар шеберханасы – Ахмет Жұбанов атындағы мамандандырылған музыка мектеп-интернатына бардым. Оқу орнының кітапханасы мен музейін араладым, жас таланттардың оқитын жері мен жатақханасын, тамақтанатын орнын көрдім.
Бұл мектепке де қосымша қаражат бөлінеді. Министрлік құрал-жабдықтар сатып алуға және балаларды тамақпен қамтамасыз етуге барлығы 161 млн теңге бөлетін болады. Сондай-ақ мектеп - интернат ғимаратын жөндеу мәселесі пысықталады.
Ұзақ уақыттан кейін Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы да жаңа музыкалық аспаптарға ие болады. Қуанышты хабарды филармония ұжымымен кездесуде өзім хабарладым. Сапар қорытындысы бойынша барлық жауапты комитеттер мен басқармаларға түйінді мәселелерді шешу үшін қажетті тапсырмалар бердім», - деп жазды министр өзінің Фейсбук парақшасында.