Щучинск қаласында биатлоннан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті: Президент Қ.К.Тоқаев турнирге қатысушыларға құттықтау хатын жолдады

Щучинск қаласында биатлоннан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті: Президент Қ.К.Тоқаев турнирге қатысушыларға құттықтау хатын жолдады

Щучинск қаласында (Ақмола облысы) жеткіншектер мен жасөспірімдер арасында биатлоннан әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Жарысқа әлемнің 38 елінен 500-ден астам спортшы қатысады. Олардың қатарында Швеция, АҚШ, Оңтүстік Корея, Франция, Германия, Норвегия, Австрия, Жапония, Ұлыбритания және басқалары бар.

Турнирге қатысушылар мен ұйымдастырушыларға ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сәттілік тіледі.

«Сіздерді биатлоннан жеткіншектер мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының ашылумен құттықтаймын! Қазақстан бұқаралық спортты дамытуа айрықша мән береді.
Көптеген спорт нысаны салынып, балаларға арналан үйірмелер ашылып, жас ұрпақтың жан-жақты болып өсуіне барлық мүмкіндік жасалып жатыр. Щучинск қаласында осындай ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін халықаралық биатлоншылар одағының өкілдеріне ризашылығымды білдіремін. Әлем біріншілігінің біздің елде өткізілуі Қазақстанда биатлонды дамытуға тың серпін береді деп сенемін», - делінген Мемлекет басшысының ресми хабарламасында.

Салтанатты ашылу рәсімі қысқы спорт түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығының шаңғы-биатлон стадионында өтті.

«Еліміз осындай деңгейдегі биатлон турнирін алғаш рет өткізіп отыр. Бұл әсіресе қазақстандық жас спортшылардың АҚШ-тағы қысқы Универсиададағы және басқа да ірі старттардағы соңғы жетістіктері аясында маңызды. Біздің елде биатлонның болашағы зор және бұл чемпионат азаматтарымыздың тек биатлонға ғана емес, жалпы қысқы спорт түрлеріне қызығушылығын арттырары сөзсіз. Біздің басты міндеттеріміздің бірі осы», - деді Мәдениет және спорт вице-министрі Сәрсен Құранбек.

Биатлоннан жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 4-12 наурыз аралығында өтеді. Оған Қазақстан атынан 20 спортшы қатысады.