
ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов «Астана Опера» театры қойған «Абай» операсын тамашалап, шығармашылық ұжыммен кездесті.
«Абай» - біздің опера және театр өнеріміздің классикасына айналған қойылым. Осы жылдар ішінде біз мәңгілік туындыны түрлі нұсқада тамашаладық, бірақ оның рухы өзгеріссіз қалды. Бұл, әрине, оның авторлары – Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди және Мұхтар Әуезовтің ұлылығы.
Спектакльдің қоюшы-дирижері әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев, режиссері Джанкарло Дель Монако. Қойылымда әйгілі итальяндық сценограф-суретші Эцио Фриджерио мен костюмер Франка Скуарчапино да жұмыс істеді.
«Елімізде театр өнері өте жоғары бағалануы керек. Өткен аптада мен Түркістан облысының шалғай ауданына (Жетісайға) барғанда Құрманбек Жандарбеков атындағы жергілікті драматеатрға соқтым. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аталған театрды қаржыландыру мөлшері ұлғайтылды, сондай-ақ шығармашылық ұжым гастрольдік сапарларға шығатын болды. Театр өнерінің дамуын қолдай отырып, біз дұрыс бағытта қозғалатынымызға сенімдімін»,-деді ол өзінің Фейсбук парақшасында.
Айта кетейік, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен сахналанған спектакль 2 күн бойы көрсетілді.