Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері Щучинск қаласында өтетін биатлоннан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына дайындық туралы айтып берді

Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері Щучинск қаласында өтетін биатлоннан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына дайындық туралы айтып берді

24 ақпанда Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте жасөспірімдер мен юниорлар арасындағы биатлоннан әлем чемпионатына дайындық барысы баяндалды. Кездесуге алдағы әлем чемпионатын өткізуге қолдау көрсететін Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері қатысты.

«Қазіргі таңда еліміздің спортшылары биатлоннан халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Мысалы, Бекентай Тұрлыбеков пен Вадим Құралес жақында АҚШ-тағы қысқы Универсиадада спринттік және жеке жарыстардың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ, Вадим Куралес Австриядағы IBU жасөспірімдер кубогы кезеңінің күміс медалін жеңіп алды. Мұның бәрі Қазақстанда бұл спорт түрі қарқынды дамып келе жатқанын, ал жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі — бұл бағыттағы тағы бір қадам екенін көрсетеді. Сондықтан сіздерді елімізде алғаш рет өтетін турнирге шақырамыз. Біздің құраманы қолдап, осы маңызды спорттық мерекені бірге өткізейік»,- деді ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев.

Брифингке Қазақстан биатлоншылар одағының өкілдері мен еліміздің жастар құрамасының спортшылары - Вадим Құралес пен Алема Қарабаева да қатысты.

Биатлоннан жасөспірімдер мен юниорлар арасындағы әлем чемпионаты Щучинск қаласында 2023 жылғы 4-12 наурыз аралығында өтеді. Оған әлемнің 41 елінен 500-ге жуық спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Спорттың бес түрі бойынша 18 жарыс жоспарланған. Жарыс 2018 жылы ашылған, халықаралық биатлоншылар одағының «А» санатындағы лицензиясы бар Ұлттық шаңғы орталығында өтеді.