
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Туризм индустриясы комитетінде шетелдерде жүрген қазақстандық туристерді елге қайтару бағытында маңызды іс-шаралар атқарылып жатыр. Сонымен қатар әрбір қазақстандық туристің елге аман есен оралуы министрлік назарында.
Төтенше жағдай жарияланған уақыттан бастап, 23 наурыз, сағат 10.00-ге дейін 5 710 турист елге қайтарылған. Бүгін тағы 145 туристі елге қайтару жоспарланған.
Туристердің қайтарылуын ұйымдастыру үшін шығу туризм саласындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын кепілдендіру жүйесінің әкімшісі «Туристік Қамқор» корпоративтік қорының қаражаттары тартылды.Туристік бизнес пен мемлекеттік органдарды байланыстырушы бұл қор 2016 жылдың 7 қарашасынан бастап жұмыс істейді.
«Туристік Қамқор» қоры жалпы саны 3748 жолаушыға 19 чартерлік рейс ұйымдастырды. Сонымен қатар 342 адамға шетелдік авиатасымалдаушылардың тұрақты рейстерінде жаңа маршруттар жасалып, әуе билеттері сатып алынды, 1765 адам Қазақстанға жоспарлы түрде жеткізілді.
Әр түрлі себептермен қордың көмегін пайдаланбау туралы шешім қабылдаған 59 адам қалып отыр. Бұл адамдармен жеке жұмыс жүргізілетін болады.