
Бүгін Орталық Коммуникациялар Қызметінде өткен брифингте Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің төрағасы міндетін атқарушы Дастан Рыспеков туристік жолдамаларының қаражатын қайтарып ала алмай отырған қазақстандықтарға мәселенің мәнісін түсіндірді.
Д.Рыспеков туристік жолдамалардың ақшасын қазақстандықтарға қайтаруда кедергілер бар екендігін жасырмады.
"Бүгінгі күні 5 туркомпаниялардан сатып алған туристік жолдамалардан бас тарту және олардан ақшаны қайтару бойынша мәселе бар. Туристік қызмет туралы заңның 15 бабына сәйкес, көрсетілген қызметті алушы алдындағы барлық міндеттеме бойынша туроператор жауапты болады және қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз етеді", - деді ол.
Комитет төрағасының міндетін атқарушы елдегі және әлемдегі төтенше жағдайды атап өтті. Соның салдарынан туындаған бұл мәселе бірден шешілмейтінін айтты.
"Қазіргі таңда азаматтар туристік компанияларға туристік жолдамалар бойынша ақшасын қайтаруды талап етіп жатыр. Бірақ туропеторларға ақша жетіспейді. Өйткені, әуе компаниялар мен қонақ үйлерге өз шарттары шеңберінде тиісті алдын ала төлемдер жасалды. Сондай-ақ ақша ұйымдастырушылық сипаттағы өзге де шығындарға жұмсалды", - деді төраға міндетін атқарушы.
Ол қазіргі таңда туропеторлар қаражатты қайтару үшін өз серіктестерімен келіссөздер жүргізіп жатқанын айтты.
"Заңды рәсімдерді реттеу үшін де уақыт қажет. Және де бұл мәселе Заң аясында қарастырылады", - деді Дастан Рыспеков.