
Өткен аптада қазақ спортшылары ірі халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді жарқын жеңістерімен құттықтаймыз!
Үлкен теннис. Елена Рыбакина Аустралия ашық чемпионатының финалында 2 орынды иеленді. Ол осы бәсекеден кейін WTA рейтингінде үздік ондыққа кірді. Елена Рыбакина – Үлкен Дулыға санатындағы екі бәсекенің (Уимблдон мен Аустралия ашық чемпионаты) финалына шыққан тұңғыш қазақстандық теннисші. Бұған дейін жекелей сында Қазақстан теннисшілері үздік ондыққа кірмеген еді.
Пара шаңғы және пара биатлон. 17-31 қаңтарда Швецияның Эстерсунд қаласында пара шаңғы және пара биатлоннан әлем біріншілігінде Ербол Хамитов үш медаль жеңіп алды. Ербол Хамитов әлем чемпионатында 7,5 қашықтықта және 12,5 қашықтықта қола жүлдеге, спринт жарысында алтын медальға қол жеткізді.
Шахмат. Бибісара Асаубаева танымал гроссмейстер Сергей Карякинді жеңді.
«Шахмат жұлдыздары» атты халықаралық турнир Мәскеуде өткен болатын.
Бокс. 22 жасқа дейінгілер арасында өткен бокстан Азия чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы 3 алтын, 3 күміс және 5 қола медаль жеңіп алды. Ал қыздар құрамасы 2 алтын, 7 қола медаль иеленді.
Дзюдо. Португалияның Алмада қаласында дзюдодан Гран-При ойындары өтіп жатыр. Айтулы додада Әбиба Әбужақынова алтын, Ғалия Тынбаева күміс жүлдегер атанды. Тұңғыш рет әйелдер арасында екі қазақ дзюдошысы финалда күресті. Сондай-ақ, Жансай Смағұлов 73 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдені жеңіп алды. Қазір Қазақстан құрамасы жалпы есепте 1 алтын және 2 күміс медальмен 2-орында тұр. Мұнда 81 елдің 550-ге жуық татами шебері бақ сынап жатыр.