Тимур Турлов шахмат федерациясының президенті қызметіне сайланды

Тимур Турлов шахмат федерациясының президенті қызметіне сайланды

Бүгін Қазақстан шахмат федерациясының кезекті съезі өтті. Кездесу барысында федерацияның атқарушы дирекциясы өткен  жылға есеп беріп, 2023 жылы Қазақстандағы шахматтың даму жоспарын талқылады. 

Алқалы жиынға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасы Самат Ерғалиев және Freedom Finance компаниясының негізін қалаушы Тимур Турлов  және шахмат саласының өкілдері қатысты.

Съездің ең басты оқиғасы – федерация президентінің қайта сайлануы. Дауыс беру арқылы федерация президенті лауазымына Freedom Holding Corp инвестициялық тобының негізін қалаушы және акционері Тимур Турлов, ал бірінші вице-президент ретінде Дәрмен Сәдуақасов сайланды.

«Былтыр Мемлекет басшысы отандық шахматты кеңінен насихаттауға, дамыту стратегиясын әзірлеуге, оның ішінде қажетті қаржыландыруды көздеуді ерекше тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында министрлік,  шахмат федерациясымен бірлесіп «Қазақстан Республикасында шахмат спортын 2025 жылға дейін дамыту жол картасын» әзірледі. Әлбетте, бұл біздің дарынды жастарымыздың жан-жақты дамуына, талантты шахматшыларымыздың әлемдік додаларда топ жаруына тікелей ықпал етеді», - деді министр. 

Съезд қорытындысы бойынша марапаттау рәсімі өтті. «Дара» орденімен Ғалым Хусаинов және Руслан Ысқақов марапатталды. «Жеңіс» орденімен шахматшылар Бибісара Асаубаева, Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Ринат Жұмабаев марапатталды. «Үміт» орденімен жас шахматшы Зарина Нұрғалиева, сондай-ақ «Құрмет» грамотасымен шахматшылардың жаттықтырушылары Лиана Таңжарықова, Данияр Әшіров, Орал Өтешева, Жәнібек Аманов марапатталды.

Жас шахматшы Дилайла Сәдуақасова да мақтау грамотасына ие болды. Естеріңізге сала кетейік, Дилайла 2019 жылғы Карпов Кубогының және FIDE Халықаралық шахмат федерациясы сыйлығының жеңімпазы.