
25 ақпанда «Сарыарқа» велотрегі спорт кешенінің ғимаратында Мәдениет және спорт министрлігінің спорт саласындағы ведомстволық бағынысты ұйымдарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларға арналған жиналысы өтті. Жиынға Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан спорт саласындағы барлық ұйымдардың басшылығы, бухгалтерлері, экономисттері, сатып-алуларды жүзеге асыратын қызметкерлері қатысты.
Жиналысты Министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев жүргізді. «Мемлекетпен сыбайлас жемқорлықты жою және оның алдын алу мәселелеріне көп көңіл бөлініп, азаматтардың мемлекеттік билік институттарына сенімін арттыру және адал, парасатты қоғам қалыптастыру үшін көптеген пәрменді шаралар қабылдануда. Осы тұрғыдан алып қарағанда бүгінгі өткізіліп жатқан іс-шара өте орынды және маңызды болып көрінеді», - деді Серік Жұманғалиұлы.
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің бас консультанты
М.А. Қарғабай тыңдаушыларға Агенттіктің қызметі, қазіргі заманғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат және парасаттылық мәдениетін қалыптастыру туралы айтып берді.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздікке тікелей қауіп болып саналатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі шаралар қабылдауда. 2015 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң, ал
2019 жылдың қараша айында тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін мемлекеттік органдардың басшылары үшін тәртіптік жауаптылық орнатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы маңызды қадамдардың бірі – Ұлттық бюроның Президентке тікелей бағынысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қайта форматталуы болды.
Қабылданып жатқан шаралардың пәрменділігінің айғағы – Қазақстанның Transparency International жаһандық рейтингінде өз позицияларын жақсартуы. 2018 жылдың нәтижелері бойынша еліміз 100 баллдан 31 балл алып, 124 орында жайғасса, жақында келіп түскен ақпаратқа сәйкес 2019 жылдың нәтижелері бойынша 113 орынға көтерілді», - деді спикер.
«Anticorruption SMG» арнайы мониторингтік тобының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінде азаматтық бастамаға жәрдемдесу қоры» қоғамдық қорының атқарушы директоры Асқар Рахматуллин Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының жағдайына шолу жасап, тыңдармандарды Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын орындаудың құрылымымен таныстырды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалар және қоғам мен қоғамдық ұйымдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне араласуының рөлі туралы әңгімелеп берді.
Жиналыс соңында Мәдениет және спорт министрлігі – Адалдық алаңы» жобалық кеңсенің жетекшісі М.Б. Қамзолдаевқа сөз кезегі берілді.
«Мәдениет және спорт министрлігі «Адалдық алаңы» жобасына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен меморандумға қол қоя отырып, 2019 жылғы 26 қарашада қосылды. Жобаның миссиясы – сыбайлас жемқорлықты жою, оған қарсы мәдениетті қалыптастыру, жеке және заңды тұлғалар үшін жайлы жағдайлар жасау, ұжымдарда қолайлы моральдік-психологиялық климат орнату, қоғамның Министрлікке және оның ведомстволарына, ведомстволық бағынысты ұйымдарына сенімін арттыру болып табылады», - деді Марат Болысбекұлы.
Министрлік жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны жою туралы айта отырып, жобалық кеңсенің жетекшісі сыбайлас жемқорлық үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылған Министрліктің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының лауазымдық тұлғаларына қатысты нақты фактілер туралы да айтып өтті.
Жиналысты қорытындылай отырып, спикерлер Министрліктің, оның ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері және қоғам өкілдері «Адалдық алаңы» жобасының миссиясын жүзеге асыруға белсенді қатысатынына сенім білдірді.