Ақтоты Райымқұлова: Туристік мақсатта алдын ала  сатып алынған әуе билеттерінің ақшасы иелеріне толығымен қайтарылады

Ақтоты Райымқұлова: Туристік мақсатта алдын ала  сатып алынған әуе билеттерінің ақшасы иелеріне толығымен қайтарылады

Бүгін коронавирус індетіне байланысты ҚазМедиа орталығында өткен баспасөз жиынында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова туристік мақсатта алдын ала сатып алынған әуе билеттерінің ақшасы иелеріне толығымен қайтарылатынын мәлімдеді.

«Бүгінге дейін билет сатып алған азаматтардың билеттерін кассаларға, алған жерлеріне өткізуіне мүмкіндік бар. Олардың ақшасы қайтарып беріледі. Туристер мәселесі де күрделі сұрақ болып отыр. Біздің азаматтарымыз шетелге шығатын әуе билеттерімен бірге туристік жолдамаларды да алдын ала алған. Бұл мәселені бірнеше сатыға бөліп қарастырып отырмыз. Бірінші саты – туристердің әуе билеттері. Азаматтық авиация комитетінен түскен ұсынысқа сай туристеріміздің алған әуе билеттерінің толық құнын, айыппұлсыз 100 пайыз қайтаруға мүмкіндік берілген», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Министр туристік пакеттер туралы да айта келе елімізде тіркелген «Қамқор» қоры жиналған қаржыға орай осы турпакеттерге қатысты агенттіктермен, операторлармен жұмыс жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.

«Ең алдымен «Қамқор» қорында туристік агенттіктер мен операторлар осы қордың мүшелігінде болуы керек. Екіншіден - бүгінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ақылдасып жатырмыз. Осы туристік агенттіктер мен операторлардың қаржылық шығындарын орнына келтіру үшін қандай да бір шаралар қарастырылуда. Сонымен қатар, туристік пакеттердің  екі түрі бар. Оның біреуі әуе билеті, екіншісі қонақүйде жату. Ол, әрине, ең алдымен турпакетті алып жатқан азамат пен оператордың арасындағы келісім шарттарына байланысты. Сондықтан, әрбір азамат осы келісім шарттарына қол қоймас бұрын мұқият оқып шыққаны керек, онда көрсетілген баптарға сай олар өз қаржыларын алады», - деді Ақтоты Райымқұлова.