Қазақ боксшылары Амманда 9 жолдама иеленді

Қазақ боксшылары Амманда 9 жолдама иеленді

Бүгін Иордания астанасы Амманда бокстан Азия және Тынық мұхиты аймағының олимпиадалық іріктеу бәсекесі аяқталды.

Жалпы 13 салмақ дәрежесінде (8 ерлер, 5 әйелдер) боксшы апарған Қазақстан құрамасы 9 жолдама (8-і ерлер, біреуі әйелдер) жеңіп алды. Бәсеке қорытындысы бойынша ерлер 2 алтын, 2 күміс 3 қола жүлде, әйелдер бір қола жүлдеге ие болды.

Атап айтар болсақ, Бекзат Нұрдәулетов (81 кг) пен Василий Левит (91 кг) қарсылас шақ келтірмесе, Зәкір Сафиуллин (63 кг) мен Әбілхан Аманқұл (75 кг) тартысты жекпе-жекте ұтылып қалды. Ал Серік Теміржанов (57 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) үздік үштікті түйіндеді. Сонымен қоса, әйелдер сапынан Надежда Рябец (75 кг) олимпиада лицензиясымен қатар қола медальді иемденді.

Ал жалпы командалық есепте Қазақстан Өзбекстаннан кейін екінші орын алды. Құрамалар бойынша рейтинг мынандай:

1) Өзбекстан – 6 (3 алтын + 3 қола) жүлде

2) Қазақстан – 7 (2+2+3)

3) Иордания – 5 (1+1+3)

4) Қытай – 3 (1+0+2)

5) Филиппин – 1 (1+0+0).

6) Австралия - 2 күміс

7) Үндістан - 1 күміс, 3 қола

8-9) Таиланд пен Жаңа Зеландия - 1 күмістен

10-11) Вьетнам мен Моңғолия –1 қоладан.

Естеріңізге сала кетейік, байрақты бәсекеде ел намысын мына былғары қолғап шеберлері қорғады.

Ерлер: Сәкен Бибосынов (52 кг), Серік Теміржанов (57 кг), Зәкір Сафиуллин (63 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Бекзат Нұрдәулетов (81 кг), Василий Левит (91 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг).

Әйелдер: Ангелина Лукас (51 кг), Дәметкен Келімбет (57 кг), Римма Волосенко (60 кг), Валентина Хальзова (69 кг), Надежда Рябец (75 кг).