
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова аналарды, аруларды мерекемен құттықтады.
"Құрметті аналар, арулар!
Сіздерді шуақты көктем мейрамы – 8 наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Әлемде ананы ұлықтамайтын халық жоқ. Жер аяғы босап, әлем қайта жаңғырған, көктеммен қауыштыра келетін 8 наурыз – нәзіктік пен әсемдік атаулыны бойына жинаған ақ жаулықты әжелер, ардақты аналар, аяулы қыздардың құшақтарын гүлге, көңілдерін қуаныш нұрына бөлейтін ғажайып мереке.
Еліміздің әлеуметтік, экономикалық, рухани өміріне белсене атсалысып, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті елдер қатарында дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Сіздердің мәдениет, руханият, спорт саласындағы, сондай-ақ, білім мен ғылымды дамытудағы жетістіктеріңіз – ұлт мақтанышы.
Осынау ерекше сәтті пайдалана отырып, Сіздерге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қызметте толайым табыс, баянды бақыт, отбасыларыңызға құт-береке, ауызбіршілік пен ортаймас несібе-дәулет тілеймін!",-деп жазылған құттықтау хатында.