
Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының Үлкен залында халықаралық байқаулардың лауреаты, елімізді әлемге танытып жүрген талантты скрипкашы Ержан Құлыбаев Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрімен бірігіп өнер көрсетті.
Концерттік іс-шара Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қанат Омаровтың басқаруымен өтті.
Ержан заманымыздың атақты скрипкашыларының бірі Захар Броннан тәлім алған. Саңлақ скрипкашы Испаниядағы София патшайымның жоғары мектебінің түлегі, Аргентина, Польша, Румыния, Германия, Ресей және басқа да көптеген елдердегі халықаралық байқаулардың лауреаты атанған.
Кеш бағдарламасында көрермендерге Я. Сибелиустің оркестр мен скрипкаға арналған ре минор концерті, С. Рахманиновтың екінші симфониясы ұсынылды.
Айта кету керек, Ержан Құлыбаев 9 желтоқсанда Астанада Р.Бағланова атындағы орталық концерт залында өнер көрсетеді. Концерт Т. Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі мен «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің қатысуымен өтеді.