
Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде «Маңғыстаудың қасиетті нысандары» атты жылжымалы көрме ашылды.
«Рухани жаңғыру» және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары аясында ұйымдастырылған көрменің мақсаты - Маңғыстау өңірінің киелі, тарихи және мәдени нысандарын, жергілікті бағалы құндылықтары мен табиғи ландшафтын, мұралары мен тарихи архитектурасын және ескерткіштер, кешендер мен кесенелер, сондай-ақ, тарихи және саяси маңызы бар оқиғалардың орындарын халық арасында таныстырып, насихаттау.
Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті Шопан атаның тарихы мен кесенесі туралы ұстаз еліне кеңінен таныстыру да көрменің негізгі мақсаттарының бірі.
Бағзы заманнан құпиясын ішке бүгіп, көшпелілердің ата-қонысы болған, жерінің асты қазынаға, үсті аңызға толы 362 әулиенің мекені шежірелі Маңғыстау өңірінің тарихи көрмесін «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов ашып берді. Ол көрмеге келушілерді сыр тұнған өлкенің тарихына бойлаған айтулы күнмен құттықтады.
Іс шараға Маңғыстау облысының Мәдениет басқармасы, «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, тарихшылар мен ғалымдар, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері мен жастар, музейге келуші қонақтар қатысты.
Жиын барысында «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мекемесінің қызметкері А.Яриханова көрмемен таныстырып, Маңғыстау облысындағы қасиетті орын тізіміне енгізілген 15 жалпыұлттық және 28 жергілікті маңызы бар нысандар туралы ақпарат берді.
Көрме соңында тарихқа бай Маңғыстау өңірі туралы деректі фильм көрсетілді.