Ұлттық музейде «Келушілерді тарту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығының» презентациясы өтті

Ұлттық музейде «Келушілерді тарту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығының» презентациясы өтті

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Келушілерді тарту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығының» презентациясы өтті.

Аталған орталық Министрліктің бастамасымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында құрылып отыр. Орталықты құрудағы басты мақсат – Музейлер мен тарихи-мәдени мұра объектілерін мәдени туризм индустриясына ықпалдастыру. Қазіргі кезде статистикалық мәліметтер кей өңірлерде көрсеткіштердің төмендеп отырғанын көрсетті. 

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова:

«Биыл министрлік мәдениет саласы бойынша 4 орталық құрды. Алғашқысы шетелде, өз елімізде концерттік жұмыстарды ұйымдастыру мақсатында құрылды және ол жұмысын бастап кетті. Екінші орталық театр саласы бойынша жұмыстар атқарады, үшінші орталығымыз «Туған жерге тағзым» деген атпен күні кеше ғана ашылып отыр. Бұл орталық еліміздегі кітапханалар қорындағы кітаптар бойынша жұмыс істейді. Төртінші орталық музейлерге қатысты болмақ. Яғни, бұл орталық Қазақстандағы музейлер ісін дамытуды мақсат етеді», - деді.

Жиында «Келушілерді тарту жөніндегі үйлестіру-әдістемелік орталығын» құрудың өзектілігі сөз болды.

«Қазіргі таңда Қазақстан музейлерінде әлі әдістемелік, әлі үйлестірушілік функциясы бар ешқандай орталық жоқ. Мәдениет және спорт министрлігі өзінің құзырет шеңберінде ғана қызмет атқарып келеді. Жалпы музейлерге әдістемелік тұрғыдан, дамыту бойынша нұсқаулық ретінде бағыт көрсетіп отыратын ұйым керегі анық. Осы мәселелерге байланысты аталған орталық құрылып отыр», - деді ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Айбар Қасеналин.

Алқалы басқосуда Мемлекеттік музейлердегі қазіргі заман талабына сәйкес халықтың түрлі санатына бағытталған мәдени туризм, өлкетану және экскурсиялық жұмыстарды дамыту, Мемлекеттік музейлерді келушілерді тарту жөніндегі әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, музейлердегі көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту, музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бағдарламаларын әзірлеу және біліктілікті арттыру шараларын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Іс- шараға еліміздегі музей басшылары, қызметкерлер, эксперттер қатысты.