
Бүгін мәдениет, архив, спорт және туризм салаларындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның (бұдан әрі - Салалық комиссия) отырысы өтті.
Салалық комиссияның қызметі әлеуметтік, еңбек және онымен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін құруға бағытталған. Оның құрамына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің және «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» ҚБ өкілдері кіреді.
Отырыста 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісімде (бұдан әрі – Келісім) көзделген міндеттемелерді іске асыруға арналған 2022 жылдың қорытындысы шығарылды. Сонымен қатар мәдениет, архив, спорт және туризм саласы қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешу, сондай-ақ Келісімге түзетулер енгізу бойынша ұсыныстар талқыланды.
Отырыс барысында Министрлік аталған салалардың қызметкерлерін әлеуметтік қолдаудың енгізілген шаралары туралы ақпарат ұсынды. Мәселен, 2022 жылдан бастап мәдениет және архив ісі ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысын жыл сайын барлық санаттар үшін (A, B, C, D) 2025 жылға дейін орта есеппен 20% - ға арттыру көзделген, «Ұлттық» мәртебесі бар мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысы 75% - ға өсті. Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия айлық есептік көрсеткіштің 55 еселенген мөлшеріне дейін көтерілді. Дене шынықтыру мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық сабақтар жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде қосымша ақылар енгізілді (республикада 25 994 дене шынықтыру мұғалімі), жаттықтырушы-оқытушылар үшін еңбекақы 1,75 есеге, допингке қарсы зертхана, Ұлттық допингке қарсы орталық, республикалық оқу-әдістемелік орталық қызметкерлерінің, сондай-ақ спортты дамыту дирекциясының жаттықтырушыларының еңбекақысы 2 есеге ұлғайтылатын болады.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар саланың проблемалық мәселелерін бірлесіп шешу туралы келісімге келді.