Еркін Жуасбек Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры қызметіне тағайындалды

Еркін Жуасбек Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры қызметіне тағайындалды

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың бұйрығымен Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры болып белгілі театр сыншысы, драматург Еркін Жуасбек тағайындалды.

Әкемтеатр ұжымына жаңа директорды вице-министр Нұрғиса Дәуешов таныстырды.
⠀
«Сәттілік тілейміз! Талай жыл қызмет етіп, осы жердің өсу-өркендеуіне атсалысып келе жатырсыз. Жалпы Қазақстанның театр өнері саласында еңбегіңіз орасан зор. Соны министрлік өте жақсы бағалап, өзіңізге деген үлкен жауапкершілік, сенім артып, театрдың дамуына үлес қосады деген ниетпен сізді тағайындауды жөн деп санады. Қызметіңіз құтты болсын. Бұл лауазымнан гөрі, артылған жауапкершіліктің жүгі ауыр. Ұжыммен бірге жемісті қызмет ететініңізге сенеміз», – деп вице-министр жаңа басшыға министрліктің тарапынан бірнеше тапсырма берді.
⠀
Ресми тағайындаудан кейін, театрдың абызы, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов сөз алды. «Басшылыққа рахмет. Еркін – өзімізде өскен, қызметін адал атқарған азамат. Театрды біледі. Алдағы уақытта абыроймен жұмыс істейді деп үміттенеміз»,-деді ол. ⠀

Әуезов театры директоры қызметіне тағайындалған жаңа басшы ұжымның алдында сөз берді:
«Сіздермен қатарласа қызмет істеп, бар тәжірибем мен білімімді осы театрдың абыройын асқақтатуға саламын деген сөзіме сенулеріңізді сұраймын. Маған сенім білдірген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға рахмет! Осыған дейін қалай жұмыс істесем, бұдан кейін де терең, мағыналы еңбек етуге тырысамын»,-деді Е.Жуасбек. 

Біздің анықтама:

Еркін Тілеуқұлұлы Жуасбек 1965 жылы 24 сәуірде Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыбарақ ауылында өмірге келген. 2 ұлы, 1 қызы бар. Алматы мемлекеттік театр-көркемсурет институтының (АГТХИ) театр факультетін «драма және кино актері» мамандығы бойынша бітірген. 1996-1997 жж. Қазақтың өнер мәселесі бойынша ғылыми Орталығына бөлім меңгерушісі; 1997-1999 жж. ҚР Білім және мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің «Театр және кино» бөлімінің бастығы; 1999-2001 жж. Республикалық Неміс драма театрының директоры; 2001 ж. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында әкімшілік директоры; 2004-2008 жж. ҚР Театр қайраткерлері Одағының төрағасы; 2008 ж. желтоқсанынан 2013 ж. сәуіріне дейін Астана қаласындағы Қ. Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының директоры; 2013 ж. 1-сәуірінен М. Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрының директоры-көркемдік жетекшісі қызметін атқарды.

Драматургия жанрында табысты еңбек етіп келе жатқан Е. Жуасбектің «Үйлену», «Күлеміз бе, жылаймыз ба?», «Антивирус», т.б пьесалары республика театрларында қойылған.