АҚШ-та «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» фильмі көрсетіледі

АҚШ-та «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» фильмі көрсетіледі

Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігі Джордж Вашингтон университетімен бірлесіп  ашқан Абай виртуалды орталығы алдағы іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Рухани орталықтың басты міндеті – ұлы ақынның шығармашылығында бейнеленген қазақ тарихы мен мәдениеті туралы ақпарат тарату.

Орталық жұмысының аясында Джордж Вашингтон университетінде американдық ресми, іскер, ғылыми және шығармашылық топтар мен Америка Құрама Штаттарында тұратын отандастардың қатысуымен  «Қазақ хандығы: Алмас қылыш» фильмі көрсетіледі.

Айта кетейік, картинаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Фильм ХV ғасырдың орта тұсында Қара теңіз жағалауынан Моңғолияға дейінгі Еуразия кеңістігінде бір кезде зор қуатты империя болған Алтын Орда құлағаннан кейін бірнеше жеке хандықтар құрылғандығын баяндайды. Олардың ішінен қазіргі Қазақстанның аумағын жайлап жатқан Ақ Орда ерекшеленеді. Ақ Орда билігі  Шыңғысханның немересі,  Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің әулетіне тиесілі болды. Арада уақыт өте келе Шайбаниттердің кіші тармағынан шығатын Әбілқайыр өз билігін күшейтіп, жеке хандық құрады. Ол көшпенділерге қатыгез, аяусыз саясат ұстанған болатын.
1460 жылы Орда Еженнің ұпақтары– Керей мен Жәнібектің айналасына біріккен  ондаған мың көшпенділер ақсақалдар кеңесінде шешім қабылдап, Әбілқайырдан бөлініп шығады. Сұлтандар Моғолстанның шекарасына дейін жеткенде, жергілікті билеуші Есен-бұға оларға қоныс беруге келіседі. Есімі аңызға айналған абыз Асан қайғы да көшке ілесіп, бөлініп шығуға себеп болған оқиғаларды жырына қосады.
Жәнібек пен Керей Әбілқайырдың хандығынан бөлініп, өз ұлыстарын құруға бекінді. Керей мен Жәнібекке қосылған рулардың басшы-билері құрылтай өткізеді. Ең алдымен, жұдырықтай жұмылған ынтымақ керек екенін ескерген олар Керейді хан сайлап, Қазақ хандығының құрылғанын паш етеді. 

Фильмнің қоюшы-режиссері: Рүстем Әбдірашов
Сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов, Рүстем Әбдірашов
Қоюшы суретшілері: Өмірзақ Шманов, Сәбит Құрманбеков, Еділ Нүсіпов пен Жаннат Баймұқанованың қатысуымен
Қоюшы операторлары: Сапар Койчуманов, Александр Плотников және Андрей Маслов. Бас продюсері: Арман Әсенов
Фильмнің продюсері: Іңкәр Әбдіраш
Композиторы: Әбілқайыр Әбдіраш
Басты рөлде: Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жолжақсынов, Иісбек Әбілмәжинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Бекболат Тілеухан, Арман Қожа, Шұғыла Сапарғали, Мадина Есманова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Іңкәр Әбдіраш, Дінмұхамед Ақымов және басқалар.