
Бүгін Парламент Мәжілісінде өткен жиында Ақтоты Райымқұлова көп балалы, тұрмысы төмен, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бағдарламалар жайын да сөз етті.
«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша, өткен жылы 462,3 мың балаға тегін спорттық абонемент берілген, оның 185,3 мыңы - тұрмысы төмен отбасылардың, 237,5 мыңы - көп балалы отбасылардан шыққан, 30 мыңға жуығы - ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған және 10 мыңнан астамы - ерекше қажеттіліктері бар бала. Сонымен қатар, спорттық нысандарға мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған жеңілдіктер қарастырылған: 1-ші және 2-ші топтағылар - мемлекеттік спорттық нысандарға ақысыз тегін, 3-топтағыларға - 50% жеңілдіктік бар. Бұған қоса, паралимпиадалық қозғалысты дамыту мақсатында елордада алғаш заманауи Паралимпиадалық жаттығу орталығы ашылды.
Дене шынықтыру және спорт – мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды оңалтудың және олардың қоғамға ықпалдасуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан олардың арасында спортты дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Бүгінгі таңда республикада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 15 спорт клубы жұмыс істейді.
Бұл ретте өткен жылы Қазақстан өз тарихында тұңғыш рет парапауэрлифтингтен «Нұр-Сұлтан 2019» Әлем чемпионатын өткізгенін айтуға болады. Сонымен қоса, 2019 жылы 12-18 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында тірек-қимыл аппараты мен көру қабілеті нашарлаған адамдар арасында Қазақстан Республикасының V Паралимпиадасы, 2019 жылдың 12-21 желтоқсаны аралығында Италияда есту қабілеті нашар спортшылар арасында 19-шы қысқы Сурдолимпиада өтті»-, деді Мәдениет және спорт министрі.