
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады.
Жиында министр еліміздегі балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің жай-күйі жайлы да айтты.
«Қазір республика көлеміндегі 477 спорт мектебінде 357 мыңнан астам бала мен жасөспірім спортпен тегін айналысып жатыр. Ал жергілікті жерлерде 579 және 107 балалар-жасөспірімдердің дене тәрбиесі клубында 180,7 мың бала спортпен қамтылған.
Дегенмен, аталған мекемелердің барлығы жеке спорттық ғимараттарда орналаспаған. Сондықтан, оларға жергілікті бюджеттен бөлінген мемлекет қаражысының айтарлықтай бөлігі спорт залды жалға алуға жұмсалады. Әуесқойдан кәсіпқой спорт әлеміне көпір болып есептелетін студенттік спортты дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр.
«Білім және ғылым министрлігімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде республикадағы 131 ЖОО-да 113 спорт клубы мен 2 мыңға жуық спорт секциясы ашылды. Онда жобамен 172,4 мың студент спортпен шұғылданады. Бұл жұмыстар әрі қарай жалғасын тауып, оқып жүрген жастар мен студенттер арасында салауатты өмір салтын белсенді түрде насихаттау қажет деп есептеймін. Бұл ретте біз өткен жылы Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, ЖОО-да спортта ерекшеленген дарынды студенттерге 400 грант бөлдік. Студенттерге республиканың ірі спорттық нысандарына қол жетімділікті қамтамасыз ету мақсатында бассейн мен спортзалға 30 – 50% жеңілдік қарастырылған»,-деді А.Райымқұлова.