
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин биыл елорда күніне орай пайдалануға берілетін Нұр-Сұлтан қаласындағы жеңіл атлетика спорт кешені мен Қазақ драма театрының құрылыс жұмыстарының барысын тексерді, - деп хабарлайды primeminister.kz сайты. Сонымен қатар, нысандарды аралауға Мәдениет және спорт вице-министрі Елдос Рамазанов, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қатысты.
Жеңіл атлетика спорт кешені халықаралық деңгейдегі барлық талаптарға сай келетін еліміздегі басты нысанның біріне айналады. Көпсалалы кешен Тұран даңғылы мен Ұлы Дала көшесінің қиылысында 9 га аумақтағы учаскеде салынып жатыр. Алдағы уақытта 6 838 жанкүйерге арналған нысан жеңіл атлетиканың барлық түрімен айналысуға мүмкіндік береді.
Ал Қазақ драма театрының құрылысы А. Байтұрсынов, Ж. Нәжімеденов, Қ. Аманжолов және Сарыкөл көшелерінің арасындағы 6 га аумақтағы учаскеде жүріп жатыр. Ғимаратта 600 орындық үлкен зал, 200 орындық камералы зал, арт-галерея, мейрамхана, салтанатты кездесулер залы, гример бөлмесі және басқа да әкімшілік, техникалық, санитарлық-тұрмыстық бөлмелер бар.
Үкімет басшысы барлық құрылыс жұмыстарын сапалы орындап, нысандарды жоспарланған мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.