«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі Жастар ресурстық орталығымен меморандумға қол қойды

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейі Жастар ресурстық орталығымен меморандумға қол қойды

Еріктілер жылы аясында Түркістан қаласы Жастар орталығында «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық -музейі мен Түркістан облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» және Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» арасында биыл өткізілетін іс-шараларға сай бірлесе жұмыс атқару жөніндегі меморандумға қол қойды,-деп хабарлайды «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.

Меморандумның мақсаты – ерікті жастарды «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінде атқарылатын тарихи, мәдени, қайырымдылық, ғылыми іс-шараларға тарту.

Биыл «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық –музейінде түрлі мәдени іс-шаралар, археологиялық қазба жұмыстары сияқты жастарға тәлім-тәрбие, тәжірибе алмасуға ықпал ететін игілікті шаруалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ, бұл бағытта жастарды гид қызметіне, музей ісіне, көрмелер ұйымдастыруға, жәдігерлерге ғылыми сараптама жүргізу, реставрация жұмыстарына қатыстырып, болашақ маман иелерінің кәсіби шеберлігін арттыру көзделген.

Айта кетсек, қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінде көптеген игілікті істер қолға алынған. Қорық-музейінің бес жылға арналған даму тұжырымдамасы аясында мұнда реставрация, археология, көрме өткізу, ұлы дала мұраларын шет елдерде насихаттау, жас мамандарды қорық-музей ісіне тарту, еліміздің құнды мәдени мұрасы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне туристердің қызығушылығын арттыру және т.б. шаралар қарастырылған.

«Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейі – Түркия, Греция, Өзбекстан және Ресейде көрмелер ұйымдастырып, еліміздің бай мәдени мұрасын насихаттап келеді. Тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауи шығармалары музыка тіліне көшіріліп, көпшілік тыңдарманға ұсынылды.

«Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің даму тұжырымдамасы аясында бірнеше ескерткіштерге реставрация жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, шығыс моншасы, жұма мешіті, қылует жер асты мешіті бар. Ал жеті ата қақпасына апарар магистральді көшеде археология жұмыстары жүргізіліп, көне көше туристер тамашалайтын орынға айналады.

Абайдың 175 жылдығына, Әл-Фарабидің 1150 жылдығына, Алтын Орданың 750 жылдығына республикамыздың өңірлерінде жылжымалы көрмелер өткізіледі. Биылғы жылы «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағы түгел абаттандырылады.

Осынау  игілікті істерді «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейі еріктілермен бірлесе іске асырады.