Концерттік ұйымдардың республикалық орталығы ашылды

Концерттік ұйымдардың республикалық орталығы ашылды

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымында «Концерттік-гастрольдік қызмет бойынша мемлекеттік концерттік ұйымдардың республикалық орталығының» тұсаукесері өтті. Министрліктің бастамасымен жаңадан ашылған орталықтың мақсаты- өнер ұжымдарының республикалық және халықаралық гастрольдерін жоғары дәрежеде жүзеге асыру, сапалы концерттік  іс-шаралардың еліміздің барлық өңірлеріне, оның ішінде шалғайдағы аудандар мен ауылдарға қолжетімді ету.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова,  республикалық және облыстық мәдениет ұйымдарының өкілдері қатысты.

- Отандық мәдениетті шетелге танытатын, еліміздің облыстарымен және өзге өңірлерімен өзара байланысты нығайтатын, сонымен қатар сапалы өнер туындыларының тыңдармандар қатарын қалыптастыратын жұмысымыздың маңызды бағыты – концерттік-гастрольдік қызмет екені баршамызға белгілі. Басты назарда – ел аймақтарындағы гастрольдер. Республика өңірлеріндегі гастрольдер тыңдарман қауымның дұрыс талғамын қалыптастырып, отандық өнердің үздік үлгілерін барша халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Жаңа орталық осы мақсатты толығымен жүзеге асыруға мүмкіндік беретініне сеніміміз мол. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, бұл орталық ел өңірлеріндегі үздіктерді анықтауға, өңірлік мәдениет ұйымдарының имиджін нығайтуға, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, өзара бірлікте жаңаша бағытта жұмыс жасауымызға тың серпін береді. Нәтижесінде ірі қалалар мен өңірлердің өнер ұйымдары өзара бірлесіп жұмыс атқаруына және тәжірибе алмасуға мүмкіндік туындайды. Еліміздің барлық концерттік-гастрольдік ұйымдарын бір арнаға біріктіру үшін концерттік-гастрольдік қызметне сай республикалық орталықты «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы негізінде ашу ұсынылады, - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

«Қазақконцерт» ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы, гастрольдік қызметті орталықтандыру – бүгінгі күннің объективті қажеттілігі екендігін айтты.

«Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан біздің ұйымға тапсырған осынау игі бастама Қазақконцерт үшін үлкен мәртебе. Бұл орталық республикадағы барлық мәдениет ұйымдарының гастрольдік қызметін реттеуге, жүйелендіруге зор ықпалын тигізеді. Алпыс жылдық тарихы бар біздің ұйым бұл бағытта мол тәжірибе жинақтаған және осы тәжірибемен бөлісуге дайын»,- деді Ж.Сейдуллаұлы.

Жиын барысында ел өңірлерінен келген мәдениет ұйымдарының өкілдері аталмыш саладағы мәселелік сұрақтарға жауап алып, орталықтың жұмысына қатысты өз ойларын ортаға салды.

Еске сала кетейік, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің биылғы алқа мәжілісінде Үкімет басшысының орынбасары шығармашылық ұжымдардың өңірлермен байланысын нығайтуды тапсырған болатын. Осыған сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігі бұл бағыттағы қызметті одан әрі жандандыруды қолға алып отыр.