
Өзбекстан астанасы Ташкентте ауыр атлетикадан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты табысты өтті. Сары құрлық бәсекесінде Нұрғиса Әділетұлы (89 кг), Артем Антропов (96 келі), Рахат Бекболат (102 кг. жастар мен жасөспірімдер арасында) өз салмақтарында чемпион атанып, Қазақстан құрамасына кезекті алтын жүлдені алып келді. Сонымен қоса, Рахат Бекболат жұлқи көтеруде 198 келіні қиналмай алып, жастар арасындағы әлем рекордын жаңартты. Ал қоссайыс қорытындысы бойынша 356 келіні бағындырып (158+198), жуырда ғана дәл Ташкентте өткен VI Ынтымақтастық біріншілігінде топ жарған даңқты Илья Ильиннің көрсеткішінен де асып түсті. Илья ол кезде қоссайыста 355 (160+195) келімен шектелген еді.
Айта кетейік, Айсамал Сансызбаева (+81 кг жастар мен жасөспірімдер арасында), Гүлнұр Ыбырай (64 кг), Карина Құзғанбаева (81 кг), Сайхан Тайсуев (67 кг) тұғыр биігінің ең жоғарғы сатысына көтерілсе, Абылай Әуелханов (55 кг) жасөспірімдер бәсекесінде күміс, жастар сайысында қола жүлде алды. Гүлнұр Ыбырай да жасөспірімдердің додасын күміс жүлдегер атанды. Байрақты бәсекені Сайрамкез Ақмолда (61 кг) мен Есенкелді Сәпи (81 кг) үшінші түйіндеді.
Жалпы жастар мен жасөспірімдер арасында өткен Азия біріншілігінде Қазақстан атлеттері 14 жүлдеге ие болды. Оның 9-ы алтын, 2-еуі күміс, 3-еуі қола.