
«Қазақфильм» киностудиясы қазақ киносының саңлағы, КСРО халық артисі Шәкен Аймановтың туған күніне орай һас шебердің актерлік және режиссерлік жұмыстарын YouTube желісіндегі ресми арнасына жүктеді.
Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Арман Әсенов БАҚ өкілдеріне хабарлады.
- 15 ақпан – еліміздің киногерлері үшін ерекше күн. Бүгін аты аңызға айналған Шәкен Аймановтың туған күні. Киностудияның ресми әлеуметтік желілерінде отандық фильмдерді ғаламтордан қалай көруге болатыны туралы жиі сұрайды. Біз YouTube желісіндегі арнамызды үнемі жаңартып отыруға тырысамыз. Сондықтан да қазақ киносының классигі Шәкен Кенжетайұлы қатысқан барлық фильмдерді youTube желісіне жүктеп, барлық қазақстандықтарға осындай сыйлық жасауды шештік, - деді ол.
Арман Әсенов одан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясы қазақ киносының алтын қорына енген басқа да фильмдерді өзінің youtube желісіндегі ресми арнасына жүктеуді жоспарлап отырғанын айтты.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр қазан айында ресми youtube-арнасына тәуелсіздік жылдары жарық көрген 4 толықметражды және 15 қысқаметражды анимациялық фильмдер жүктелген болатын.