
Бүгін Түркістан қаласында Olympic center спорт сарайында тұңғыш рет қазақтың ұлттық күресінен Turan barysy Азия Кубогы басталды.
Жарысқа Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан палуандары қатысып жатыр. Іс-шараның салтанатты ашылуында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев спортшыларға сәттілік тілеп, министрлік әрдайым ұлттық спортты дамытуды қолдайтынын жеткізді.
«Спорт пен мәдениет – барша халықтың басын бір арнаға қосатын ортақ алаң. Соның ішінде қазақ күресі түркі жұртына етене жақын өнер түрі. Байырғы бабаларымыз балуандықты нағыз жігіттің ерекше сипаты деп білген. Қазақ күресі бұған дейін де «Әлем барысы», «Евразия барысы», «Қазақстан барысы» секілді жобаларымен халыққа, әлем жұртына кеңінен таныс. Бүгін тұсауын кескелі отырған «Turan barysy» болашақта спортсүйер қауымның қызығып тамашалайтын үлкен жобасына айналады деп сенемін», - деді Дәурен Абаев.
Спортшылар жеті салмақ санатында белдеседі: 55 келіге дейін, 60 келіге дейін, 66 келіге дейін, 74 келіге дейін, 82 келіге дейін, 90 келіге дейін және 90 келіден жоғары салмақта.
Турнир ашылуында жеребе тарту рәсімі өтті. Бірінші топта Әзірбайжан, Өзбекстан, Мажарстан құрамалары, екінші топта Қырғызстан, Түркия, Қазақстан құрамалары өзара мықтыны анықтайды.
Іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ, Qazaq kuresi қауымдастығы, Qazaqstan barysy қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Турнирдің бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ, демеушісі «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры».
Турнир Qazsport және TRT Avaz телеарналарының тікелей эфирінен көрсетіледі.