Дәурен Абаев: суретшілердің туындылары қазіргі шынайы кеңістікке енуге, тереңірек ойлануға және өмірдің мәнін түсінуге көмектеседі

Дәурен Абаев: суретшілердің туындылары қазіргі шынайы кеңістікке енуге, тереңірек ойлануға және өмірдің мәнін түсінуге көмектеседі

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Қазақстан Республикасы Өнер академиясының 15 жылдығына арналған «Ұлы дала әуені» көрмесінің ашылуына қатысты. Ресми рәсім аясында министр академияның дарынды суретшілерді, сәулетшілерді, әдебиетшілерді, археологтар мен ғалымдарды біріктіру мәселесіне қосқан зор үлесін атап өтті.

Көрмеге 150 - ден астам кескіндеме, 30-дан астам графикалық жұмыс, архитектуралық планшеттер қойылды.

«Адамзат тарихында өнердің алар орны ерекше. Бірақ сонымен бірге, уақыт көз ілестірмес жылдамдықпен қарыштап дамып жатқан кезде, суретшілердің туындылары бізге кеңістікке енуге, тереңірек ойлануға және өмірдің мәнін түсінуге көмектеседі деп айтқым келеді. Осы тұрғыда қарар болсақ «Ұлы дала әуені» көрмесі жұртшылық үшін өте маңызды. Мұнда қойылған туындылардың тарихи және көркемдік құндылығы бар, ол біздің әрқайсымыздың жүрегімізде таңғажайып қырларымен ашылатынына сенімдімін», - деп атап өтті Дәурен Абаев.

Қазіргі уақытта Өнер академиясы Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де түрлі көрмелер өткізіп белсенді қызмет атқарып келеді. Өнер академиясының мүшелері еліміздің өңірлерінде қалалық ансамбльдерді көркемдеуге арналған монументалды мүсіндік ескерткіштер мен республикалық және шетелдік музейлерді безендіретін қазақстандық өнердің жауһарларын жасады.