ASTANA PIANO PASSION жас пианистердің республикалық конкурсы

ASTANA PIANO PASSION жас пианистердің республикалық конкурсы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Astana рiano рassion жас пианистердің республикалық конкурсын өткізеді.

Конкурстың мақсаты мен міндеттері:

1)    фортепиано өнерінің қазақстандық жас дарындарын анықтау, фортепиано өнері саласындағы жас музыканттардың өсуіне жағдай жасау;

2)    Қазақстанда ұлттық «фортепиано мектебін» дамыту және музыкалық және мамандандырылған мектептерінің, өнер мектептерінің оқушылары, сондай-ақ басқа да қосымша білім беру ұйымдарының оқушылары арасында орындаушылық өнер деңгейін арттыру;

3) дарынды және талантты жас музыканттарды шығармашылық қызметте ілгерілету, сондай-ақ ауқымды әлемдік конкурстарға дайындау.

Конкурс Қазақстанның 7 жастан 17 жасқа дейінгі жас пианистер арасында келесі жас санаттары бойынша өткізіледі:

1)  қатысушылар арасындағы кіші санат 7 жастан 10 жасқа дейін (қоса алғанда);

2)  қатысушылар арасындағы орташа санат 11 жастан 14 жасқа дейін (қоса алғанда);

3)  қатысушылар арасындағы жоғары санат 15 жастан 17 жасқа дейін (қоса алғанда).

Конкурстың әрбір жас тобы бойынша ақшалай сыйлықтар белгіленеді.

Конкурстың қазылар алқасы құрамына Қазақстанның жетекші мәдениет және өнер қайраткерлері және фортепиано өнері саласындағы халықаралық конкурстардың лауреаттары кіреді.

Astana рiano рassion жас пианистердің республикалық конкурсына қатысуға өтінімдерді қабылдау 2022 жылғы 19 қыркүйектен 26 қыркүйекке дейінгі аралықта жүргізіледі.

Конкурсқа қатысу үшін қатысушылар Astana рiano рassion жас пианистердің республикалық конкурсын өткізу қағидаларының 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша электрондық түрде өтінімді мынадай құжаттар мен материалдарды қоса бере отырып konkursmuz@mail.ru электронды поштасына жібереді:

1) қатысушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (туу туралы куәлік, паспорт), PDF форматында;

2) Заңды өкілдің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (заңды өкіл және/немесе сенімхат бойынша өкіл), PDF форматында;

3) қатысушыны ерітіп жүруге куәландырылған нотариалды сенімхаттың көшірмесі (қатысушыны оның заңды өкілі болып табылмайтынын растайтын нотариалды куәландырылған сенімхаттың көшірмесі), PDF форматында;

4) оқу орнынан анықтама, PDF форматында;

5) осы Қағидалардың 2-қосымшаға сәйкес жасалған қатысушының конкурстық бағдарламасы;

6) конкурсқа қатысушының шығармашылық өмірбаяны (PDF немесе docx форматында);

7) қатысушының жоғары сападағы көркем фотосуреті, JPEG форматында.

Талапқа сай келмейтін өтінімдер қарауға жатпайды.