Ақтоты Райымқұлова: Қазақ композиторларының шығармаларын үш тілде жинақ етіп шығару жоспарда бар

Ақтоты Райымқұлова: Қазақ композиторларының шығармаларын үш тілде жинақ етіп шығару жоспарда бар

Бүгін Алматыда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қатысуымен өткен БҰҰ-ның алты тіліне тұңғыш аударылған қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясының тұсаукесерінде Министр ұлттық мәдениетті, әдебиет пен өнерді дамыту бағытындағы жұмыстар бір сәтке де тоқтамайтынын айтты.

Ақтоты Райымқұлова министрліктің алдағы жоспарлары туралы ой бөлісті.

– Қазақ композиторларының шығармаларын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ноталық нұсқасымен жинақ етіп басып шығару жоспарымызда бар, – деді ол.

Сонымен қатар Ақтоты Рахметоллақызы зиялы қауымның шығармашылығын оқырман қауымға дұрыс жеткізе білу қоғам үшін аса маңызды екенін, осы ретте шығармалардың өз оқырманын табуы және оқу мәдениетін қалыптастыру үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті.

««Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздің кітапханалардың қорындағы «Сирек кітаптар мен қолжазбалардың электрондық каталогын» әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде осындай игі бастамалардың ғұмыры ұзақ болары сөзсіз деп есептеймін»,-деді ҚР Мәдениет және спорт министрі.