
Бүгін Алматыдағы «Достық үйінде» «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған қазақ әдебиеті антологияларының таныстырылымы өтті. Бұл жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағыттарының бірі.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының үйлестіруімен жүзеге асырылған осынау жоба тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениетін, музыкасы мен бейнелеу өнерін, хореография, кино және театр саласындағы жетістіктерін әлемге танытуды мақсат тұтады.
Жиынға шығармалары әлем тілдеріне аударылған авторлар мен аудармашылар, ҚР Мемлекеттік хатшысы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысты. Басқосуда аударма жұмысы қорытындыланып, авторларға алты тілде жарық көрген шығармаларының жинақтары тапсырылды.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару және оны осындай кең көлемде тарату – бұрын соңды біздің тарихымызда болмағанын айтты.
«Бұл жобаны ұйымдастыру және үйлестіру жүйесі де бұрынғыдан өзгеше болды. Ондағы басты мақсат – көркем аударманың жоғары сапасын қамтамасыз ету еді. Ол үшін ең алдымен, жобаны жүзеге асыруға 6 елдегі көркем аударма саласында тәжірибесі мол, беделді деген баспалар таңдалды. 60 автордың үздік туындылары енген антологиялар дүниежүзінің 5 құрлығындағы 93 мемлекеттің ірі кітапханалары, іргелі оқу орындары, мәдениет пен әдебиетке маманданған ғылыми орталықтарына таратылады», – деді Қырымбек Елеуұлы.
Қазақ әдебиеті жинақтарының ағылшын тіліндегі нұсқасын Кембридж университетінің баспасы, араб тіліндегі басылымын Мысырдың Ұлттық білім және мәдениет орталығы, испан тіліндегі жинақтарды Сервантес институты, орыс тіліндегі антологияларды М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, қытай тіліндегі жинақтарды Бейжіңдегі ұлттар баспасы, француз тіліндегі басылымды Париждің мәдени бірлестігі дайындаған. Аталған серіктес-ұйымдар аударма, басып шығару, тарату-насихаттау жұмыстарына 300-ге жуық маман жұмылдырды.
Жоба аясында аударма ерекшелігін талқылап, өзара әңгімелесу үшін шетелдік аудармашылар мен баспагерлердің қазақстандық авторлармен кездесуі өткізілді. Бұл аударманы түпнұсқа мәтінге мейлінше жақындатуға әрі оның көркемдік сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Әр антологияның таралымы – 10 мың данадан. Жалпы саны 120 мың жинақ әлемдегі 23 мыңнан аса ірі кітапхана, оқу орындары мен ғылыми орталықтарға жеткізілді. Оның ішінде ағылшын тілді басылымдар ағылшын тілі ресми мәртебеге ие 18 мемлекетке, араб тіліндегі жинақтар осы тілде сөйлейтін Таяу Шығыс пен Африкадағы 22 мемлекетке, испан тіліндегі басылымдар Испаниямен қатар Латын Америкасының 20 еліне, Қытай тіліндегі басылымдар 1,5 миллиард халқы бар елдің барлық аймақтарына, орыс тіліндегі жинақтар орыс тілін білетін 14 мемлекетке, француз тіліндегі таралым Еуропа мен Африканың 17 еліне таралды.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова министрлік ұлттық мәдениет пен әдебиетіміз жауһарларын жаһан оқырмандарына паш ету мақсатында бұдан әрі де жаңа бастамаларды жүргізуді көздеп отырғанын жеткізді.
«Осы жылы наурыз айында Қазақстан тарихында тұңғыш рет Лондон қаласында өтетін «London Book Fair – 2020» халықаралық кітап жәрмеңкесінде төл әдебиетіміз ұлықталып, британ жұртшылығына таныстырылады.
Осы ретте жобаға Қазақстан Республикасының атынан қатысу Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес еліміздің мәдениеті мен интеллектуалдық әлеуетін әлемге таныстырып, рухани байлығымызға әлем жұртшылығының қызығушылығын арттыруға ықпал етеді деп санаймыз»,-деді Ақтоты Рахметоллақызы.
Айта кетейік, қазақ әдебиетінің антологиялары ірі кітапхана қорлары мен ондағы ерекше кітаптарды есепке алатын WorldCat деп аталатын халықаралық библиографиялық жүйеге енген. Антологияларды алған елдер мен ұйымдардан 100-ден аса алғыс хат келген. Мәселен, Франция Президенті Эммануэль Макрон, Ұлыбритания білім министрі Гэвин Уильямсон алғыс хатын жолдаған.