
«Астана Балет» Театры Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтарына үздік қойылымдары мен тың премьераларын ұсынады. Шығармашылық ұжымның гастролі Абай Құнанбаевтың 175-жылдық мерейтойы аясында өтеді. Төрт күн бойы, 19, 21, 22 және 23 ақпанда Абай атындағы МАОБТ сахнасында мазмұнды, түрлі жанрдағы бағдарлама көрсетіледі.
Алғашқы күні театр ұжымы өзінің негізгі бағыты – неоклассика мен заманауи хореографияны үш бір актілі балет арқылы көрсетеді. «Astana Ballet presents» бағдарламасына Джордж Баланчиннің «Concerto Barocco», Р.Ребектің «A Journey of Memory» және Н.Фонтенің «Love’s Lost Idols» туындылары енген.
Ал, 21, 22 және 23 ақпанда «Күлше қыз» балетінің премьерасы өтеді. Сергей Прокофьевтың ғаламат музыкасы, көлемді декорациялар, ғажайып костюмдер мен бала кезден баршамызға белгілі сюжет – хореограф Надежда Калинина сәтті спектакльдің құрамдас бөліктерін бір арнаға тоғыстырып, сиқырлы хореография, ұтымды әзілді қолдана отырып, ересектер мен балалардың көзайымына айналған ертегі-балет жасады.
Басшылықтың айтуынша, екі көріністі балет Абай атындағы МАОБТ сахнасына ыңғайланып, ықшамдалған. Бірақ, спектакль авторлары балеттің бірде-бір ғажайып деталі ұмыт қалмайтынын, алматылықтар бұл спектакльдің ғаламатын сезіне алатынын айтып отыр. Күлше қыз партиясын орындайтындар: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Тен, Назерке Аймұхаметова және Дарина Қайрашева; Ханзаданың рөлін сомдайтындар - Қазбек Ахмедияров, Сүндет Сұлтанов және Фархат Бөриев.
«Әрине, Алматыда өнер көрсету бізге зор жауапкершілік жүктейді. Себебі, кәсіби мамандарымыз Алматыдағы балет мектебінің түлектері. Мұнда біздің ұстаздарымыз қызмет етеді. Туған-туыстарымыз да осында тұрады. Бұл қаланың көрермені де ерекше – зерделі, талғампаз әрі зиялы», - дейді, театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри.
Сонымен қатар, көрермен назарына балет әлеміндегі белгілі фотосуретші Алексей Кривцовтың фотокөрмесі ұсынылады. «Астана Балет» театрымен бірлесе істеген жұмыстары, балерина мен бишілерге өзге қырынан, кейде тіпті, таңсық ракурстан қарауға мүмкіндік береді. Бұл көрменің әр фотосуреті – балет ғаламаты мен бишілердің шеберлігін әспеттейтін, қазақстандық балеттің ерекшелігін, соның ішінде, әр әртісті даралайтын нағыз өнер туындысы.
Біздің анықтама:
«Астана Балет» 2012 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ашылды. Театр ғимараты 2016 жылғы 10-желтоқсанда пайдалануға берілді.
Театрдың жалпы жер көлемі – 15 000 м². Көрермен залында 783 орын (партер 609 орын, балконның 2 ярусы 104 орын, 3 ярусы 70 орын).
Сахнаны трансформациялау үшін жылжымалы және көтеріп-түсіру механикасының соңғы үлгілері қолданылады. Сахна төрт көтеріп-түсіру планшеті мен төрт әртістік көтергішпен жабдықталған. Жарық беру кешенінде дәстүрлі театр қондырғылары және жүйелерімен қатар, осы саладағы соңғы инновациялық жаңалықтар қолданылған. 800 жарық жабдықтары орнатылған.
«Астана Балет» театрының сахнасы режиссерлер мен сценографтарға зор мүмкіндіктер беріп, батыл әрі бірегей идеяларын жүзеге асыруына жол ашады. Театрда 2 репетициялық зал бар. Олардың көлемі сахна көлеміне сәйкес, осының өзі жаңа спектакльдерді жасау үрдісіне септігін тигізері анық.
Театрдың алғашқы концерті 2013 жылдың шілдесінде көрсетіліп, жаңа шығармашылық ұжымды көрермен қауым жылы қабылдағаны бірден көрінді. Осы күні театрдың жанкүйерлері Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде бар.
Театрдың түрлі жанрдағы репертуары әлемдік және отандық інжу-маржандары, бірегей хореографиялық қойылымдармен үнемі толысып отырады. Осы репертуарда 22 спектакль бар. Соның ішінде, «Махаббат туралы аңыз», «Серенада», «Жизель», «Шерткіш», «Саломея» және т.б. Сонымен қатар, екі концерттік бағдарлама да бар: «Astana Ballet Gala» және «Ұлы Дала мұрасы».