"Алтын Алтай" көрмесі ашылды

"Алтын Алтай" көрмесі ашылды

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі мен «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Алтын Алтай» көрмесі ашылды,-деп хабарлайды Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің баспасөз қызметі.

Көрменің ашылу салтанатына Семей қаласының зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер мекемелерінің қызметкерлері, студенттер қатысты.

Шара барысында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, сондай-ақ Абай музейінің директордың ғылыми жұмыстары бойынша орынбасары М.Қайрамбаева және «Берел» қорық-музейінің директорының міндетін атқарушы А.Сарбасов сөз сөйлеп, аталмыш көрме туралы мағлұмат берді.

Көрме аясында Берел жылқысының ат-әбзелінің көшірмесі, Берел қорық-музейінің соңғы үш жылда Шығыс Қазақстан облысында жүргізген қазба жұмыстары нәтижесінде табылған заттар, 2019 жылғы қазба жұмыстары кезінде табылған алтын заттар және Берелдегі б.з.д. II-I ғасыр кезеңімен белгіленген қорғаннан табылған сүйектен ойылып жасалған, бір-біріне қарама-қарсы қойылып бейнеленген бұғы-грифон ат әбзелінің әшекей бұйымдары, ер және әйел адамның бас сүйегі негізінде жасалған антропологиялық реконструкция, зооморфты сабы бар қола айна, әйел адамның әшекей бұйымдары және тағы басқа құнды жәдігерлер көрермендер назарына ұсынылды.