Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Грузиядан келген делегаттарды қабылдады.
Делегация құрамында Грузия бизнес және технология университеті (BTU) бақылаушы кеңесінің төрағасы Михаил Батиашвили мен Саирме туризм және гастрономия академиясының ақпараттық директоры Манана Угулава болды.
Сонымен қатар, кездесуге Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев қатысты.
Министр қазір елімізде туризмді дамытуға баса назар аударылып отырғанын және бұл бағытта арнайы бағдарлама жасалғанын айтты.
«Еліміз географиялық тұрғыдан туризмді дамытуға өте қолайлы мемлекет. Қазір бұл сала әлемдік деңгейде қызу дамып келе жатқан, экономиканың табысты салаларының бірі. Жыл сайын Қазақстанға келетін туристер саны артып келеді. Дегенмен қазіргі ахуалды зерттей келе елімізде туризм саласындағы негізгі мәселелері анықталды. Енді 2025 жылға дейін Мемлекеттік бағдарламаға сай туризмнен түсетін жалпы экономикалық табысты 8 %-ға және туризм саласына 565 мыңға жуық ел тұрғындарын тартуды жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта Елбасының тапсырмасымен 2019 жылы Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті ашылды»,-деді.
Михаил Батиашвили екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық тараптар үшін барынша пайдалы болатынына сенімді екенін жеткізді.
«Грузия өз деңгейінде туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Атап айтар болсақ қазір біздің елімізде туризмнің бағыты көп. Бұл жерде этно, мәдени тұрғыдан да қарастыруға болады. Дегенмен біз бұл салада әлемдік тәжірибеге жүгінуді жөн көріп отырмыз. Осы бағытта Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуге мүдделіміз»,-деді Грузия бизнес және технология университеті бақылаушы кеңесінің төрағасы.
Кездесу соңында екі тарап туризм саласында бірлескен меморандумға қол қойды.