Нұр-Сұлтан қаласында жаңа спорт кешені ашылды

Нұр-Сұлтан қаласында жаңа спорт  кешені ашылды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданында жаңа «Ритм» көпсалалы спорт кешені ашылды.

Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Нұр-Сұлтан қаласы спорт басқармасының басшысы Берік Маржықпаев қатысты. Спорт  кешенінде күрес, бокс, спорттық гимнастика, ойын залы мен бассейн бар.

Спорт кешенінің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Серік Жұманғалиұлы аталған нысанның құрылысына үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.

«ҚР Мәдениет және спорт министрлігі атынан спорт кешенінің ашылуына ықпал еткен барлық азаматтарға алғыс білдіремін. Сіздер бұқаралық спортты дамытуға үлкен үлес қосып жатырсыздар. Сонымен қатар, Президенттің спорт нысандарын қолжетімді ету тапсырмасын орындадыңыздар. Бұл үлкен әлеуметтік жоба. Барлық жастарды, балаларды аталған спорт кешенінде спортпен шұғылдануға шақырамын»,- деді Серік Сәпиев.

Жаңа спорт кешені А.Байтұрсынұлы атындағы көшеде орналасқан.