
Бүгін Астанада Қазақстан биатлоншылар Одағының тәртіптік комиссиясының кезектен тыс жиналысы одақ президенті Ермек Қизатовтың төрағалығымен өтті. Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері қатысты.
Комиссия Австрияда өткен жиындарда жалпы тәртіпке бағынбай спорттық тәртіпті бұзған төрт қазақстандық спортшыға қатысты мәселені қарады. Қазақстанның ерлер Ұлттық командасының биатлоншылары құрамадан шығарылды.
Ұлттық құраманың төрт спортшысы: Антон Пантов төрт жылға, Тимур Куц, Владислав Витенко және Роман Еремин бір жылға шеттетілді. Барлық спортшылар республикалық, халықаралық жиындардан кері қайтарылды.
Шешім биатлоннан Қазақстан командасының бас жаттықтырушысы Мақсат Шарановтың, жаттықтырушылардың және спортшылардың түсіндірмесі, сондай-ақ Обертилли қаласындағы оқу-жаттығу жиындары кезінде команда тұрған австриялық қонақ үйден шағым-хат негізінде шығарылды.
"Қазақстан ҰОК өкілдері де, мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері де, ұлттық федерацияның өзі де спорттық тәртіпті өрескел бұзған атлеттерді құрама сапынан шеттетуге шешім қабылдады. Мәселе атлеттердің жиындардағы мінез-құлқы туралы ғана емес, олардың өз елін шетелдерде қалай танытатыны, өздерін ұстауы туралы да болып отыр. Ірі халықаралық жарыстар болсын, жабық оқу-жаттығу жиындары болсын – Қазақстан құрамасының спортшысы ел атына кір келтірмей, ар-абыройын сақтап жүруі тиіс.
Бұл жағдай ұлттық құрамаға қатысатын барлық атлеттер үшін сабақ болуға тиіс. Қазақстан ҰОК спорт тәртібін бұзғандарды үзілді-кесілді қабылдамайды. Биатлоншылар одағына осы жағдайға жедел жауап бергені үшін ризамыз", - деді Елсияр Қанағатов, Қазақстан ҰОК спорт дирекциясының директоры.
Биатлоншылардың жаттықтырушылар штабына қатысты тәртіптік шаралар бойынша шешімдер жеке қабылданады.
Айта кетейік, тәртіптік кеңес отырысының комиссия құрамында вице-президент Елена Хрусталева, Бас хатшы Манас Үсенов, команданың бас бапкері Мақсат Шаранов бар. Сондай-ақ, бүгінгі кеңеске ҚР МСМ Дене шынықтыру және спорт комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев, Қазақстан ҰОК қысқы спорт түрлері қызметінің басшысы Олжас Бесбаев қатысты.