Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жеңісі

Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жеңісі

Өткен аптада қазақ спортшыларының жарқын жеңісіне ел халқы тағы қол соқты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз.

Түркияда Ислам ынтымақтастығы ойындары аяқталды. Қазақстан атынан спорттың 16 түрінен 125 спортшы қатысты. Жалпыкомандалық есепте Қазақстанның ұлттық құрама командасы 5 орынға ие болды. Біздің спортшылар 27 алтын, 23 күміс және 39 қола медаль жеңіп алды.

Дзюдо. Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы Азия кубогы аяқталды. Қазақстан командасы 5 алтын (Сұңғат Жұбатқан, Асқар Нарқұлов, Ерзат Арғынов, Ерқанат Молдағұлов, Еламан Ерғалиев), 7 күміс (Дамир Болатбеков, Барыс Қуан, Нұржан Бисенов, Ерасыл Жанатаев, Бекзат Шағатаев, Нұрдәулет Жарылғапов, Аруна Жангелдина) және 14 қола медаль (Шерзод Давлатов, Алмас Ғалымов, Болат Біләл, Дархан Қойбағар, Мадияр Сембаев, Айбек Серікбаев, Қайратбек Сәбит, Жамбыл Тұрғыналиев, Ғалия Тынбаева, Жанерке Асқарова, Бақыт Құсақбаева, Екатерина Токарева, Назерке Тілеуханова, Айдана Кенжебай) жеңіп алып, екінші орынға ие болды.

Күрес. U20 әлем чемпионаты аясында Болгарияда Мерей Базарбаев пен Юсуф Мациев екінші болды. Сондай-ақ, тұғырдың екінші сатысына Алтын Шагаева мен Анастасия Панасович көтерілді. Бұл ретте грек-рим күресінен Мақсат Сайлау мен Дінмұхамед Қошқар қола жүлдегер атанса, Мадина Аман да қола жүлдені иеленді.

Брейкинг. Нидерландыда брейкингтен халықаралық турнир өтті. Әмір Зәкіров 1х1 breaking-тен алтын алса, 1x1 footwork -тен Диас Әубәкіров жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ, ҚР Президенті кубогы үшін өткен халықаралық турнирдегі «Барыс» хоккей клубының жеңісін атап өту қажет.