Лотерея қызметі туралы Заң бірінші оқылымда мақұлданды

Лотерея қызметі туралы Заң бірінші оқылымда мақұлданды

Бүгін Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасының мақсаты - лотереялық қызметті жүзеге асырудың жаңа ұстанымдарын одан әрі нығайту, лотерея таратушылардың (агенттердің) қызметін құқықтық негізде реттеу.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова заң жобасында лотереяны заңсыз өткізгені үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленетінін айтты.

-«2017 жылғы ақпандағы ҚР Үкіметінің қаулысымен «Сәтті жұлдыз» АҚ лотерея операторы атанды. Жаңа заңға сәйкес, бұл лоторея операторы лотерея билеттерін сату, ел азаматтарына ұтыстарды төлеу, Қазақстан бюджетіне салық төлеу, спортты дамытуға төлемдер, сондай-ақ үш мыңнан астам шағын бизнес субъектілеріне қосымша табыс көздерін және жұмыс орындарын құру мәселесін қамтамасыз етті», - деді.

Сонымен қатар, лотерея операторынан басқа жарнамада «лотерея» сөзін қолдануға тыйым салу енгізіліп отыр.

-«Заң жобасымен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі лотереяны өткізудің ережелерін бекіту, оның тәсілдеріне қойылатын талаптарды бекіту сынды құзіреттер арқылы лотереялық қызметті тиімді әрі жедел мемлекеттік реттеу механизмі енгізіп отыр. Бұл шаралар бір жағынан лотерея қызметі саласын дамытуды және ақпараттық технологияларды қолдануды шектемеуге мүмкіндік береді. Ал екінші жағынан уәкілетті орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігіне осындай жаңалықтарға жедел ден қоюға және лотерея қызметі саласындағы құқыққа қарсы қызметті тиімді шектеуге мүмкіндік береді»,- деді министр.