Конькимен жүгіруден «Төрт құрлық турнирінде» қазақ спортшылары 5 жүлде жеңіп алды

Конькимен жүгіруден «Төрт құрлық турнирінде» қазақ спортшылары 5 жүлде жеңіп алды

АҚШ-тың Милуоки қаласындағы Pettit мұзайдынында конькимен жүгіруден тұңғыш «Төрт құрлық турнирі» өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күні қазақ спортшылары 5 жүлде жеңіп алды.

500 метрлік бәсекеде сынға түскен Роман Креч қола медаль алса, осы қашықтықта тағы бір отандасымыз Артур Галиев 10-орынға жайғасты. Бұл доданың тұңғыш жеңімпазы оңтүстік кореялық Ким Джун-Хо атанды. Ал 5 000 метрде бақ сынаған Виталий Щиголев алтын, Дмитрий Морозов күміс жүлдегер атанды. Екі спортшымыз АҚШ өкілі Эмери Леманның алдын орап кетті.

Ал әйелдер арасында 3000 метрге жүгіруден Надежда Морозова мәре сызығын екінші болып қиды.

Сондай-ақ, ерлерден командалық спринтте Артур Галиев, Станислав Палкин және Александр Кленко үштігі Оңтүстік Корея мен Қытай құрамасына есе жіберіп, үштікті түйіндеді.

Турнир 3 ақпанға дейін жалғасады.