
29 қаңтарда Будапеште Қазақстан Республикасының Елшілігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы делегациясының қатысуымен қазақ ақыны Абай Құнанбайұлының 175-жылдық мерейтойын мерекелеу аясында дөңгелек үстел өткізді. Сонымен қоса іс-шара барысында «Әлем таныған Абай» кітап-иллюстративті көрмесі мен «Абай әлемі» фотокөрмесі ұйымдастырылды.
Мажарстан мен Қазақстанның шығармашылық зиялы қауымының, қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени ортасының өкілдері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы бастаған абайтанушылар, қазақ диаспорасы, сондай-ақ қазақ тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін үйреніп жүрген мажарлық студенттер қатысқан іс-шара Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі Өкілдігінің ғимаратында өтті.
Елші Ж.Әбдрашов Қазақстан мен Мажарстан арасында саяси-экономикалық қарым-қатынастар ғана дамып қоймай, сонымен қатар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық та қарқынды ілгерілеп келе жатқанын, атап айтқанда Будапеште А.Құнанбайұлының ескерткіші бар екенін айтты.
Мажар тарапынан Мажарстан Премьер-министрінің кеңесшісі, мажарлық Пен-Клуб Президенті Г.Сёч сөз алып, әлемдік мәдени мұраға үлесін қосқан Абайдың еңбегінің терең пәлсапалық ойларына тоқталды. Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастардың дамуына жоғары баға берді.
Іс-шара барысында мажар тілінде М.Әуезовтің «Абай жолы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шарадан кейін Будапешт қаласында орталық парктегі Астана көшесінде Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Қазақ диаспорасы, сондай-ақ қазақстандық және мажарлық студенттер Абайдың өлеңдері қара сөздерін оқып, әндерін орындады.