
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиев Қытайдың Дунгуан қалалық округінде 4-8 ақпан аралығында теннистен өтуі тиіс болған Федерация кубогы коронавирустың тарауынан Нұр-Сұлтанға ауыстырылғаны туралы хабарға байланысты аталмыш турнирдің елордада өтпейтінін мәлімдеді.
«БАҚ құралдарында теннистен лицензиялық турнир Қытайдан Қазақстанға ауыстырылғаны туралы ақпарат тараған еді. Мен «Нью-Йорк Таймс» сайтын оқығанымда, ол жерде теннистен турнирді Қазақстанға ауыстыру жоспарланып отырғанын оқыған едім. Біздің БАҚ құралдары ол турнирдің бекітілгенін жазып таратқан. ҚР Үкіметінің қаулысымен Қытай азаматтарына 72 сағаттық виза тоқтатылған еді. Қазір барлық халықаралық турнирлер тоқтатылып жатыр. Теннистен аталмыш лицензиялық турнир Нұр-Сұлтанда өтпейді», - деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін, 12-16 ақпан аралығында елімізде су добынан лицензиялық Азия Чемпионаты өтуі тиіс болатын. Бұл шараны өткізуге де тиым салынды.