
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Е. Көшербаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша белгілі мәдениет және өнер қайраткерлеріне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 2019 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын табыс етті. Мемлекеттік стипендия Қазақстанның 75 әдебиет пен өнер қайраткеріне берілді.
Жыл сайын тағайындалатын мемлекеттік стипендия – мемлекеттің мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, шығармашылық қызметкерлеріне және жас дарындарға жасаған қолдауы мен қамқорлығының айғағы, сондай-ақ, олардың Қазақстанның мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан үлестеріне көрсетілген құрмет.
ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы стипендиясы Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Сәбит Досанов, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Қайрат Байбосынов, Жүрсін Ерманов, Меруерт Өтекешева, Александр Гаркавец, Гульвира Разиева және басқа да қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандарына табысталды.
Сонымен бірге, Канн халықаралық фестивалінің лауреаты Самал Есләмоваға, актриса Айнұр Рахиповаға, балет әртісі Бақтияр Адамжанға, ақын Қанат Омаровқа, дәстүрлі музыка өнерінің орындаушысы Медығат Манаповқа, кино режиссері Фархат Шәріповке және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді.