
Бүгін Чехия Республикасының астанасы Прага қаласындағы Клементинум атындағы Ұлттық кітапханада Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Абай» мәдени-ақпараттық орталығының ашылу салтанаты мен «Абай оқулары» іс-шарасы өтті.
Биыл ұлы классик және гуманист Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы халықаралық деңгейде аталып өтеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылы 9 қаңтарында жарық көрген «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтан бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет».
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердегі Елшіліктер жанынан «Абай» орталықтарын ашу керектігін атап өткен болатын. Осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Прага қаласында «Абай» мәдени-ақпараттық орталығы ашылды. Орталық Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Марат Мұханбетқазыұлы Тәжиннің қолдауымен жүзеге асырылады.
Орталықтың міндеті – қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосу, Абай шығармаларын оқу мәдениетін қалыптастыру, ақын мұраларын шет елдердегі ғалымдардың зерттелуіне және ғылыми еңбектердің көптеп жазылуына әсер ету. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасымен тікелей байланыс орнататын жетекші рухани ордасы ретінде қазақ әдебиетінің оң имиджін қалыптастыру, ақын шығармаларына деген сұраныс пен ақпарат ағындарын бағыттау және реттеу, орталықтың ғылыми және мәдени қызметіне байланысты өткізілетін іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және ақпараттық қолдау көрсету.
Орталықта кітаптар мен электронды ақпараттық ресурстармен танысуға болады: CD-дискілер, ақпараттық және мерзімді басылымдар, ғылыми ақпараттар. Сондай-ақ, қазақстандық толық мәтінді мәліметтер базаларына қолжетімділік ұсынылған. Абай және оның шығармалары туралы Қазақстандық Ұлттық электронды кітапханасында 800-ден астам басылымдар бар.
Орталық ұлы Абайдың даналық дүниетанымын саралау, ақынның жекелеген ғибратты ой түйіндерін, өлеңдері мен қара сөздеріндегі философиялық тұжырымдарына түсінік беруді көздейді. Орталық кітапхана оқырмандары, Қазақстан мен Чехияның танымал жазушылары мен ақындарымен кездесетін орынға айналады деп күтілуде.
Орталықта алдағы уақытта кітап көрмелері, дөңгелек үстел, абайтанушылармен кездесу, әдеби-музыкалық кештер және т.б. мәдени іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Абайдың шығармалары бойынша оның нақыл сөздері, өлеңдері, поэмалары, қара сөздері, аудармалары, әндері, сондай-ақ, абайтанушы ғалымдардың шығармалары, зерттеу еңбектері, библиография, диссертация, авторефераттар туралы ақпараттарды осы орталықтан табуға болады. #Abai175 хэштегі бар электрондық порталда ұлы Абайдың мерейтойына арналған іс-шаралар Абай өлеңдерін оқу эстафетасы мен Ұлы Абайдың мерейтойына арналған іс-шаралар жайында мәлімметтер таратылады.
Сондай-ақ, Орталықта «Абай» романының шыққан алғашқы басылымдары, Абай туралы шығармалар мен суретшілердің құжаттары, мұражайлар және ескерткіштер туралы мәліметтер, Хакім Абайдың бейнесін салған белгілі суретшілердің репродукцияларының көшірмелері мен иллюстрациялық кітап және фото көрмелері кітапсүйер оқырмандарға ұсынылады.
Іс-шара барысында «Әлем таныған Абай» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды, «Әлем таныған Абай» иллюстративті-кітаптар көрмесі мен «Абай әлемі» атты фотокөрмесі, «Естелік ғасырдан да ұзаққа созылады...» атты көрініс ұсынылды.
«Әлем таныған Абай» иллюстративиті-кітаптар көрмесінде «Абай» энциклопедиясы, «Қарасөздері», Шығармалар жинағының 2 томдығы, «Қалың елім қазағым...» өлеңдер жинағы, «Сен де бір кірпіш дүниеге» өлеңдер мен қарасөздері, «Стихи, поэмы, проза», «Абай тілі сөздігі», «Абай туралы сөз», «Я – человек-загадка...» және М.Әуезовтың «Абай жолы» романы, Латиф Хамидидің «Абай», «Двадцать стихотворений на трех языках», Д Омаровтың «Абайдың рухани мұрасы», Ғ. Есімнің «Хаким Абай» және «Абай туралы философиялық трактат», Ш.Құдайбердіұлы шығармаларының жинағы және т.б. кітаптар таныстырылды.
«Абай әлемі» атты фотокөрмеде Абайдың шығармашылығы мен өміріне қатысты тарихи ескерткіштер мен табиғат көріністері, ақын дүниеге келген қасиетті мекен туралы және қазақ елінің мәдени өміріне қатысты мол мағлұматтар берілді. Атап айтатын болсақ, Ә.Қастеевтің «Жас Абай» (1945), «Абай» (1954), «Абай» (1967), «Абайдың жастық шағы» (1968), А.Волощиктің «Бала Абай жыр тыңдап отыр» (1948), Е.Сидоркиннің «Абай мен әжесі Зере» (1960) және «Абай», «Мұхтар Әуезов» пен «Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романына салған иллюстрациялары, Ү.Әжиевтің «Бала Абайдың оқудан оралуы» (1969), Л.Леонтевтің «Абай Семей қаласының кітапханасында» (1954), «Абай және балалары» (1896), А.Кениг «Абай» (1953), «Абай және отбасы, «Абайдың қауырсын қаламы, шақшасы, қалта сағаты, өзі сүйіп оқитын тоғызқұмалақ тақтасы», «М.Әуезов жұмыс үстінде. 1939 ж., Семей қаласындағы Абайға орнатылған ескерткіш, Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі тау жотасы – Абай туған Шыңғыс тауы, Ертіс – қазақ даласының ұлы өзені, Шыңғыс пен Семей қаласын жалғайтын тас жол, Жидебай қонысы және т.б. 50-ден астам картиналар қойылды.
Жиын барысында С. Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханасы Абайдың әжесі Зеренің бейнесін (манекен түрінде) ұлттық киімдер мен ұлттық тағамдар, сувенирлер, Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі қазақ ою-өрнектерімен көрпелер, жастық пен сандықша, Түркістан облыстық әмбебап кітапханасы Абай мен Әйгерім бейнелерін (манекен түрінде), С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы киіз, текемет, қоржын, ертоқым, қамшы және т.б. ұлттық бұйымдарды ұсынды.
Іс-шараны жүргізген модераторлар – Чехия Ұлттық кітапханасының директоры Мартин Косандо және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева.
«Әлем таныған Абай» атты дөңгелек үстелде ақын, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлықбек Есдәулет (баяндама тақырыбы «Абай жолымен»); филология ғылымдарының докторы, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан Матыжанов (баяндама тақырыбы «Абай даналығы»); жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрсын Жұртбай (баяндама тақырыбы «Абай және рухани тәуелсіздік мәселесі»); Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының басшысы Бахытжамал Оспанова (баяндама тақырыбы «Презентация репринтного издания первой книги Абая») баяндамалар оқыды.
Сонымен қатар, мерекелік жиынның қонақтарымен бірге ақын, «Қазақ радиосы» журналисі, блогер Айсәуле Бейсенхан және облыстық кітапхана басшылары мен оқырмандар, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, қазақ диаспоралары, Чехияды оқып жатқан студент-волонтерлер қатысты. Атап айтқанда Чехия Республикасындағы 3000 қазақ жасының басын қосқан Бақнұр Аюбек басқаратын «Тарлан» студент жастар ұйымы іс-шараның өтуіне атсалысты.