
Германияның Кельн қаласында қазақстандық суретші-гобеленші ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, "Парасат" орденінің иегері Батима Зәуірбекованың жеке көрмесі ашылды. Көрмеге неміс елінде тұрып жатқан қандастырымыз, Қазақстан Елшілігінің өкілдері, өнерсүйер қауым жиналды.
Қазақстан өнерін тамашалауға келгендердің алдында Батима Есмұратқызы кіріспе сөз сөйледі.
«Құрметті, Менің көрмемнің ашылуына жиналған өнерсүйер қауым! Қазақ елінің ыстық сәлемін Сіздерге жолдай отырып, кеш жарық! - дегім келеді. Жеке көрме ұйымдастыру мен үшін үлкен мейрам. Ол күнге мен жан-жақты дайындықпен, аса жауапкершілікпен қараймын. Жаңа туындылар саламын, бояуымды түрлендіремін. Мен бүгін өздеріңізге бала күннен ғашық болған гобелен өнеріне барлық бітім-болмысымды, ой-мақсатымды, ізгі армандарымды сан түрлі бояумен өрнектеп ұсынып отырмын.
Мен өзі жалпы өмірдің сәулелі тұстарын жақсы көремін, көңілді жүргенді ұнатамын. Ешқашан жамандық ойламауға тырысамын. Жаман деген нәрсенің өзінен жақсылық тауып алғым келіп тұрады. Сондықтан да шығармаларым тек ашық түстермен көмкерілген. Менің көрмем Сіздердің әрқайсыларыңызға жылу, мейірім, шаттық сыйлайды деп сенемін. Гобелен - өнердің ең бір қиын саласы, бірақ ғажап өнер! Осы өнердің соңына түскеніме 50 жыл уақыт болыпты. 50 жылдық өнермен өрілген өмірімде қазақ деген халықтың асыл құндылығын, қастерлі салт-дәстүрін, биік мәдениетін бояу тілімен сөйлеттім. Суретшіліктің шуақты ғұмырын кешіп келемін... Көрмемді тамашалауға жиналған ханымдар мен мырзалар!
Сіздерге алғыс-ризашылығымды білдіре отырып, өмірлеріңіздің жарық түстері мол болсын деп тілеймін!»,-деді суретші-гобеленші.
Айта кетейік, Батима Зәуірбекованың гобелендері Америка, Франция, Италия, Швейцария, Германия, Польша, Австралия, Канада, Словакия, Түркия және т.б мемлекеттердің жеке коллекционерлерінің қорында сақтаулы.
Көрме 12 ақпанға дейін жалғасады.