
Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ұйымдастыруымен ҚР Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Абай музейі және қолжазбалар әлемі» атты көрме ашылды,-деп хабарлайды Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің баспасөз қызметі.
Көрме аясында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына Абай музейінің қорындағы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи құжаттар мен архив деректері, құнды қолжазбалар, Абайдың тұмар домбырасы және ақынның 1885 жылы тарихи өлкетану музейіне тапсырған жәдігерлер таныстырылды.
Сонымен қатар, аталған көрмеде Абайдың өмір сүрген кезеңі және оның айналасындағы тарихи тұлғалар, Абайдың ақындық ортасы туралы жан-жақты мәліметтер айтылды. Ал Семей қаласындағы 80 жылдық тарихы бар қасиетті қара шаңырақ Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің тарихы мен абайтану ғылымының дамуы хақындағы қызықты ақпараттарды келушілер асқан ыждаһаттылықпен тыңдады.
Көрме жұмысы 7 ақпанға дейін жалғасады.