
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласына тарихи орталық мәртебесін берудің мән-маңызы туралы айтты.
Алқалы жиында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың баяндамасын тыңдаған соң, Президент ұлы ақын мерейтойы аясындағы іс-шаралар танымдық мақсатта ұйымдастырылу керектігіне назар аударды. Қала тұрғындары Мемлекет қолдауын, атқарылып жатқан жұмыстардың маңызын сезіну үшін нақты шараларды қолға алуды тапсырды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында да қазақтың ұлы тұлғалары дүниеге келген қастерлі өңір туралы жазған болатын.
«Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан, елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны тамған өңір айрықша құрметке лайық. Осыған орай, шаһарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді түрде дамытып, ондағы тарихи-мәдени нысандарды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкіметке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын»,-деген еді.
Мақалада айтылғандай биыл Жидебай елді мекені абаттандырылып, ұлы ақынның рухына тағзым етуге келетін адамдарға қолайлы жағдай жасалады. Сонымен қатар, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру, «Абай мұрасы» атты жаңа ғимарат салу, «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету және т.б. жоспарда бар.