Абайдың 175 жылдығын мерекелеуге байланысты салтанатты шара ҚР Президенті мен Елбасының қатысуымен өтті

Абайдың 175 жылдығын мерекелеуге байланысты салтанатты шара ҚР Президенті мен Елбасының қатысуымен өтті

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың ұлы ойшылы, ғұлама ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының басталуына арналған салтанатты шараға қатысты.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Абай жылының ресми ашылу салтанатында сөз сөйлеп, ойшылдың жеке басы мен оның өмірлік ұстанымдары қазақстандықтар үшін құнды бағдар саналатындығын атап өтті. Қазіргі жастарға ұлы ақыннан үйренетін дүниелер өте көп, өйткені Абай шығармалары арқылы оның өмірге деген рухани және философиялық көзқарастарын түсінуге болады.

– Биылғы жылы біз халқымыздың көрнекті ақыны, ойшылы Абайдың мерейтойын атап өтеміз. Бұл – ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы ойшылымыздың рухын асқақтату үшін қолға алынған игі бастама. Бұдан ширек ғасыр бұрын Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ұлы ақынның 150 жылдығын жоғары дәрежеде атап өткен едік. Бұл мерейтой егемен еліміздің еңсесін тіктеуге, ұлттық сананы оятуға зор үлес қосты. Тұңғыш Президентіміз сол жиында «Абай халқына қамқор, ұлтына жанашыр бола жүріп, күллі адамзатқа мейірлі гуманистік өреге көтерілді» деген еді. Шын мәнінде, кемеңгер тұлғамыздың мол мұрасы – бүкіл адам баласы үшін аса құнды әрі тағылымды дүние, - деді Ақтоты Райымқұлова.

Естеріңізге сала кетейік, Елордада өткен аптада Орталық коммуникациялыр қызметінде өткен баспасөз конференциясында  министрлік өкілдері осы жылы 500-ден астам іс-шара жоспарланғандығын айтқан.

-Биыл ұлы ақынның 175 жылдығын атап өту үшін кешенді жоспар дайындалғанын білесіздер. Халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Басты жиынның бірі – тамыз айында Семей қаласында өтетін ғылыми-практикалық конференция. Сондай-ақ, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды халықаралық конференция болады. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, одан әрі айшықтала түседі деп сенеміз. Мемлекет басшысы Абайды жаңа Қазақстанның символы ретінде таныту туралы айтты. Соған сәйкес ақынның өлеңдері мен қара сөздері он шет тіліне аударылады. Бұл ретте, біз аударма ісінің сапалы орындалуына басымдық береміз. Сонымен қатар, Абай туралы бірнеше деректі фильм және телесериал түсіру жоспарланып отыр. Мерейтой аясында шет елдерде бірқатар маңызды шаралар өткізіледі. Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтары» ашылады. Бұл – әлемге ақынның еңбектері мен ұлттық құндылықтарымызды қатар таныту деген сөз. Ақынның ғибратты ғұмыры халқымыздың төл өнері – айтыс арқылы да кеңінен насихатталады,-деп нақтылады бүгінгі жиында Ақтоты Рахметоллақызы.

Мәдениет және спорт министрі кейінгі толқын ұлы Абайдың өсиетін мәңгі жадында сақтауға тиіс екендігін еске салды. Осы ретте алдағы уақыттарда тікелей қолға алынатын іс-шаралар барысын да мәлімдеді.

-Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абаттандыруды қолға аламыз. Сол арқылы ұлы ақынның рухына тағзым етіп келетін жұртшылыққа лайықты жағдай жасаймыз. Мұндай қадам өңірде мәдени туризмнің дамуына тың серпін береді. Мерейтойға байланысты бұдан басқа да көптеген мәдени іс-шара өткізіледі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ең басты мақсат – той тойлау емес, ой толғау екеніне зор мән беріп отыр. Іс-шараларды өткізу кезінде ысырапшылдық пен науқаншылдыққа жол берілмейді. Кейбір жобалар биылғы жылмен шектелмей, алдағы уақытта жалғасын табады. Асығыстыққа, науқаншылдыққа жол берілмейді. Жалпы, біз Абайдың мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын өте маңызды шара ретінде мән береміз. Абай мұрасы – жаңа Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Ұлы ойшылдың өсиетіне әрдайым берік болсақ, ел ретінде еңселене түсеміз. Абай мерейтойы – Елбасымыз бастаған Рухани жаңғыру бағдарламасының өте бір маңызды бөлігі,-деді Ақтоты Райымқұлова.

Мерекелік іс-шара аясында Қазақстан мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатысуымен концерт өтті.

«Астана Опера» театрының сахнасында ұлы Абайдың өлеңдері мен әндері КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Роза Рымбаева, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі Әлібек Дінішев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Майра Мұхамедқызы, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары мен еліміздің жас дарындарының орындауында, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен шырқалды.