Қазіргі қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясы 5 құрлыққа жол тартты

Қазіргі қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясы 5 құрлыққа жол тартты

25 қыркүйекте Британия кітапханасында (Лондон, Ұлыбритания) қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасына арналған  антологияның ағылшын тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті.

Қазақ әдебиетіндегі тың жинақтың аударма және баспа жұмыстары Кэмбридж университеті мамандарының қатысуымен жүзеге асқан.

Антологияларға алғысөзді Британияның академиялық қоғамдастығының өкілдері, атап айтқанда, заманауи қазақ прозасының антологиясына Британия кеңесінің бас директоры, сэр Киарен Девейн, ал қазіргі қазақ поэзиясының жинағына алғысөзді – әдебиеттанушы-профессор Джейсон Хардинг жазды.

Енді ғана жарық көрген антологиялар Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия сынды ағылшын тілінде сөйлейтін ондаған елдегі 8 мыңнан аса кітапхана, университеттер мен ғылыми орталықтарға жеткізіледі.

Таныстырылымға Британия кітапханасының басшылары, аудармашылар, әдеби редакторлар, сыншылар мен шолушылар қатысты. Ал Қазақстан тарапынан бұл іс-шараға ҚР Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, ҚР Ұлыбританиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы мен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты.

«Заманауи қазақ әдебиетінің үздік үлгілерін БҰҰ-ның 6 тіліне аудару «Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында жүзеге асып отырғаны мәлім. Жоба өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты. Қазіргі таңда 60 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары тұңғыш рет бірден әлемнің негізгі алты тіліне аударылып отыр. Жобаны жүзеге асыруға Ұлыбритания, Франция, Испания, Египет, Қытай және Ресейдің жетекші баспа ұйымдары атсалысты. Антологиялар әлемнің 90-нан аса еліне, бес құрлыққа тарайды. Яғни, бұрын-соңды дүниежүзі оқырмандарының қолына түспеген қазақ әдебиетінің үздік үлгілерімен 2,6 млрд адам танысуға мүмкіндік алады», – деді Аида Балаева.